Кино – әлсіздерді ығыстырып тастайтын қатыгез салалардың бірі. Мықтылар ғана ебін табады десеңіз, қателескеніңіз. Айлалылар да амалын тауып тұғырға шығуда.
Мәселен, актер Олжас Әлжанов «кино саласында өз биігімді бағындыра алмай жүргенім, алдымды орап кете беретін қулардың кесірі» дейді. Айтуынша, кейбір әртістер продюсерлерге жағымпазданып, жақсы рөлге қол жеткізіп жүрген көрінеді.
Олжас Әлжанов, актер:
– Жоқ олай барып көрмеппін. Сол барып көру керек қой деймін. Басқалар қалай өтіп жатыр, соны сұрау керек. Барып сұрап жатқан шығар мүмкін. Мен бармағаннан кейін ба, әлі сол сериалдарда жүрмін.
Дарынына сенген Олжастың, іріктеулерден өтпей қалған сайын, салы суға кететін көрінеді. Бірақ ол мойымайтынын айтады.
Олжас Әлжанов, актер:
– Талпынып көріп жатырмын. Бірақ режиссерлар байқамай жатыр. Барша режиссерларға айтамын: неменеге мені басты рөлдерге алмайсыңдар?
Ал өмірінде режиссердің алдына «мені алыңызшы» деп барып көрмеген Қажет Смағұл, өзін жолы болғыш актерлардың қатарына жатқызады. «Әлі алдымнан ешқандай есік жабылмады» деген ол, жастардың продюсер жағалауын ұят қылық деп отыр.
Қажет Смағұл, актер:
– Барған жерім шақырады. Мен өзім бармаймын еш қай жерге. Олар шақырады. Мен шақыруын қабылдаймын.
Ал азулы продюсер Гүлзира Айдарбековаға «жобаңызға алыңызшы» деп хабарласатын әртістердің қарасы көп екен. Олардың атын атап, түсін түстеуден бас тартқан Гүлзира ханым, әр туындысына тек қана таланттарды таңдап алатынын жеткізді. Ұлы Қайрат Нұртас та, бұған дейін бірде бір кино продюсердің есігін қағып көрмепті.
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
– Жоқ, кастингке қатысқан жоқ. Шындығына келгенде Қайрат жәй ойнап берсе де, бір кішкене жеріне түсіп қалса да, өздері бар несімен шақырып алады ғой. Сол себепті кастингке түсіп көрген жоқ.
Бірі жарқын болашақ жолында кім-кімнің алдына болмасын, беттің арын белбеуге түйіп баруды ұят санаса, ал әлдекімдер үшін бұл қалыпты жағдай...