Атыраулық Альфия Ерсайын дүниежүзіндегі ең көрікті ару атануы бек мүмкін! Сылқым бұл күндері халықаралық сұлулық байқауына дайындалуда. Алайда ол, аталмыш конкурсқа өткен жылы аттануы керек еді.
Альфия Ерсайын, «Қазақстан Аруы – 2018»
- Қазір жасым он сегізде. Мисс Қазақстан байқауының жеңімпазы атанған кезде небәрі 16 жаста болдым. Ал «Дүниежүзі аруы» байқауының шарттары бойынша, онда тек 18 жастан бастап қатысады. Сондықтан мен осы жылы «Дүниежүзі аруы - 2019» байқауына қатысамын.
«Есесіне, осы аралықта сұлулық сайысына әзірленуіме уақытым көп болды» - дейді ол. Бүгінде Альфия, Атырау гуманитарлық колледжінің төртінші курс студенті. «Бейнелеу өнері және сызу» пәнінің болашақ мұғалімі, оқуы мен байқау дайындығын қатар алып жүрген.
Альфия Ерсайын, «Қазақстан Аруы – 2018»
- Ақтық мәре 8-ші Желтоқсанда болады. Жалпы, әлем байқауына дайындық бізге 12 күн беріледі. Байқауға аттанған кезден бастап біз 12 күн бойы қатысушыларымен дайындалып, күн сайын мерекелік шараларға қатысатын боламыз.
Альфия байқауға киетін ұлттық нақыштағы көйлегін де әзірлеп қойған көрінеді. Сондай-ақ, оның «Дүниежүзі Аруы – 2019» арналған таныстыру ролигі де дайын. Сайысқа сақадан-сай сылқым, қаракөз қазақ арулары әлемдегі ең сұлу екенін дәлелдеу үшін барымды саламын деп отыр.
Альфия Ерсайын, «Қазақстан Аруы – 2018»
- Менің қазіргі уақытта қолдаушыларым аз емес. Алдағы уақытта мені қолдап, маған дауыс беріп, Әлем байқауында Қазақ елінің намысын қорғап шығуға тырысамын деп ант беремін деп айтсам да болады.