Лондандағы Колизейде қойылым қойған қазақ өнер майталмандары, британдық көрерменнің көңілінен шығып, қошеметіне бөленіп қайтты.
Гүлжан Түткебаева, ҚР Халық әртісі:
Иә, қиындықтар болды. Себебі, біздің сахнаға арнайы жабдықталған реквизиттеріміз мен оркестрімізді өзімізбен бірге алып кете алмадық. Оны заманауи фонограмма мен видеография алмастырды. Бірақ біздің балалар еш іркілусіз бұл қиындықты еңсерді.
«Шопениана» мен «Scheherazade»-ні Британдық көрерменнің назарына ұсынған Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры жұрттан үлкен қошемет күтпестен сахнаға шығыпты. «Себебі, өгей өлке бәрібір жатсынады» деген түсінік тұрған ойларында. Бірақ Британ халқы қойылым аяқталғанда 15 минут бойы тік тұрып, қошемет көрсетіпті.
Рахым Дайыров, жетекші солист:
Шыны керек, қобалжу басым болды. Жарықты жөндеп үлгермедік. Содан бетімізге тікелей түсіп тұрды. Қала берді, едені де тым қатты екен. Жұмсақ кілем төселмеген. Секіріп, жүріп-тұрғанда аяққа қатты батты.
Қойылым аяқталып, қонақүйге беттеген театр актерларымен жол жөнекей Лондонның атқамінерлері мен ақсүйектері жапа-тармағай суретке түскен. «Бұл нағыз күтпеген жағдай болды» дейді актерлар.
Рахым Дайыров, жетекші солист:
Бізбен суретке түсе бастағанда алғаш түсінбей қалдық. Бірдеңе болып қалды ма деп қорқып кеткеніміз рас. Бірақ олар өз тілдерінде бізге алғыстарын жеткізді.
Ұлыбританияда театрға кіру билет бағасы тым қымбат екен. 50-60 евроны құрайды. Жұрт осыған қарамастан жан рахатын алу үшін театр табалдырығын тоздырады. 3-ші қоңырау соғылғаннан кейін, есіктері жабылады. Кіре алмай қалған көрермен, бәрін сыртқы монитордан бақылайды екен.
Гүлжан Түткебаева, ҚР Халық әртісі:
3-ші қоңыраудан кейін, 50 шақты адам ішке кіре алмай қалды. Бірақ дау шығарған біреуі болған жоқ. Театрдың ішінде телефонмен түсіру былай тұрсын, оны сөмкесінен шығаруға болмайды екен. Ережені бұзсаңыз, ел көзінше залдан қуыласыз.
Мұхит асқан біздің театр саңлақтары жат сахнада өнер көрсетіп, Британ халқының қошеметіне бөленді.