Ол біраз жылдан бері бағын байлаған құмар ойын дертінен түбегейлі айыға алды ма?
Ақ пен қараның арасында адасып жүргендерге арнап Бағлан Әбдірайым кітап жазып шықты. «Өткенді өзгерте алмайсың, бірақ болашақ өз қолыңда» - бұл әншінің бүгінгі ұстанымы. «Ақ пен қара» аталатын кітабында ағынан жарылған әншіге алғашқы пікірлер де келіп жатыр екен.
Бағлан Әбдірайым, әнші:
– «Үйде таласып жатырмыз, бір деммен оқыдым, екі сағатта оқып тастадым, төрт сағатта оқып тастадым, жұмысым жайына қалды деген, өте қызық екен» деп айтып жатыр.
Ал, әншінің жақын досы Жасұлан Базарбаев болса, Бағланның бұл бастамасын толықтай құптайтынын және қолдайтынын айтады. Себебі «Ел алдында, қатеңді мойындау ерлік» дейді ол. Үнемі бір-бірін әжуалы әзілмен қағытып жүретін екеу, жеке қалғанда жан сырларымен бөліседі екен. «Тіпті кітаптың тағдырын алғашқылардың бірі болып мен білдім, менімен ақылдасты» дейді әнші.
Жасұлан Базарбаев, әнші:
– Негізі бұл кітаптың тағдыры самолетта жүрген кезде шешілген ғой. Самолетта кетіп бара жатып. Екеуіміз негізі дұрыс жағынан сөйлесеміз. Екеуіміз жеке қалып қалған кезде. Көптеген ауқымды – ауқымды мәселелерді қозғап, қолымыздан келгенше бір-бірімізге поддержка жасаймыз.
3000 данасы шыққан кітапты әнші, көлігін сатып жарыққа шығарған. Тіпті, ағалық қамқорлығын білдіріп «көмектесейік» дегендердің де жәрдемінен бас тартқан екен.
Бағлан Әбдірайым, әнші:
– Жоқ, бұл жерде менде спонсор тек Алла Тағала ғана болды. Басқа кісілер де болған «көмектесейік, қолдау білдірейік» деген сияқты. Бірақ өзімінің қаражатым кетті. Шынымды айтсам, өзімнің мініп жүрген көлігімді сатып, шығындарды жаптық. Әлде де бар жабылатын шығындар. 4 миллионға жуық шығын кетті.
Мұқасан Шахзадаевқа Бағлан: аға, жаңылдым. Жол сілтеп жіберіңізші, - деп жиі хабарласқан екен. «Ініме қиын-қыстау кезде қолдан келгенше ақылымды айттым. Ендігі осы кітап көптеген шатасқандарға шырағдан болса екен» дейді әнші.
Мұқасан Шахзадаев, әнші:
- Хабарласқан күндер болды шынымен. Бірақ, кітап жайлы емес. Осы өмір жайлы. «Аға, мен кішкене адасып жүрмін. Соның жолдары қалай болады? Бір ағалық жөніңізді айтыңызшы. Кішкене ақымақтығым жаңағы жастығым деп. Басымда болып жүрген жағдайлар бар деп» бір ой бөліскені бар.
«Айыптамаңдар, айықтым! Ал, әлі бұл шырмауда жүргендер, таңдау өз қолдарыңда!» дейді Бағлан Әбдірайым.
Бағлан Әбдірайым, әнші:
– «Наркомандар емделеді, игроктар емделмейді» деген жалған сөз деп айтатын едім. Таңдау жасау өз қолыңда. Әркім өзінің өмірінің кейіпкері, әркім өзінің өмірінің капитаны.
Бүгінгі кейіпкер, келешегі үшін кемшін тұсын дереу қалыпқа келтіруге талпынды. Алқынды, адасты, ақылға келді...