Нұрсұлтан Есжан, тілші:
- Нұртас Адамбай ауылдың әкімі атанды! Алайда, әзірге тек фильмде ғана. Отандық киногер дәл осы сюжет бойынша таспаланған кезекті картинасының тұсауын кеспек! Режиссер неліктен бұл тақырыпты көтерді екен? Жауабын қазір анықтаймыз.
«Әкім» туындысының тұсаукесерінде бүкіл бомонд бас қосты. Қанша дегенімен, Нұртас Адамбай отандық киносалада бұрыннан қызмет етіп келе жатқан майталман режиссер.
Нұртас Адамбай, режиссер:
– Мынау қаншасыншы туынды «Әкім»?
- «Әкім» менің сегізінші картинам.
- Сегізінші туынды, иә. Тәжірибе бар, рахаттанып ұйықтаған шығарсыз бүгін уайымдамай.
- Бұл жолы иә. Еш уайымсыз ұйықтадым. Себебі, бірінші рет емес, премьера қалай боларын жақсы білдім.
- Неге «Әкім»?
- Себебі, бізде мұндай фильм болған жоқ. Жаңа тақырыпта, тың туынды таспалауды жөн көрдік. Сондықтан осындай ерекше мамандық иесі, ерекше құбылыс – «әкімді» таңдадық.
– Әлеуметтік тақырыптар талқыланады ма фильмде?
- Әрине, әрине. Біз әртүрлі, маңызды мәселелерді көтереміз. Оны көрерменнің өзі келіп, тамашалағаны жөн. Әйтпесе қызық болмайды.
- Нұреке, «Слуга народа» түсірілді, сосын Зеленский президент болды. Сіз «Әкім» туындысын түсірдіңіз.
- Ондай мақсатым жоқ.
- Әкім болғыңыз келмей ме?
- Ондай ойымда жоқ. Мен кино түсіргім келеді иә.
Осылайша, Нұртас ел есінде кинодағы «әкім» ретінде қала бермек. Cюжет желісі бойынша, шетелде білім алып келген Адамбай, ауылдың басшысы атануға мәжбүр болады. Ал, қаладан қоныс аударған шенеунікке, Гүлназ Жоланова қазақ тілінен сабақ береді.
Гүлназ Жоланова, актриса:
– Гүлназ, сен қазақ тілі пәнінен беретін мұғалімнің рөлін сомдадың иә? Өзің қазақ мектебін тәмәмдадың ғой?
- Иә, қазақша садикке бардым, қазақ мектебін бітірдім, бакалавриат, магистартура бәрі қазақша.
- Демек қазақ тілінен мінсізсің? Сабағың қалай болды?
- Енді қазақшам жақсы болды, себебі, менің туған жерім Маңғыстау өңірі. Онда бәрі қазақша жақсы біледі, жақсы сөйлейді, тіпті орысша сөйлемейді.
- Қазақ тілі пәнінің мұғалімінің рөлін сомдағаннан кейін, саған қазақ тілі пәнінен сұрақ қойғым келіп тұр. Бастауыш және баяндауыш ережелерін білетін шығарсың?
- Иә.
- Айта бер онда.
- Бастауыш және баяндауыш бұл сөйлемнің басы, бастауыш бұл зат есім, баяндауыш бұл етістіктен тұрады.
- Тұрлаулы сөздер ғой.
- Бастауыш былай белгіленеді, баяндауыш екі сызықпен белгіленеді.
- Сөйтіп белгілейтін едік қой иә, мектепте. Дұрыс.
Лентада сондай-ақ, Дархан Дайырбек, Гүлнар Досматова, Айым Сейітметова мен Қайрат Әділгерей де төбе көрсетеді. Киногерлер ұжымы бірауыздан, комедия бұрынғылардан өзгерек болатынын айтуда.
Қайрат Әділгерей, тележүргізуші, актер:
– Қазіргі кезде билік пен халық арасында жер мен көктей ғой. Арасында қатынас жоқ. Ал, бұл кинода халық пен билікті біте қайнастырады. Билік халықтан ақыл-кеңес сұрайды. Халық билікке сенеді. Сондай достық қарым-қатынасты қалыптастыратын кино.
«Қысқасы бұл лента, билік пен халыққа жетеді деп үміттенеміз» - дейді киногерлер. Ал, фильм қарашаның 7-нен бастап үлкен экрандарда көрсетілмек!