Білім күні қарсаңында жұлдызды отбасылар «сүйіншілетті»! Сәнгер, әнші, елдің ең стильді жұлдызы сынды Лидоның бейресми атақтарына енді көпбалалы мәртебесі де қосылды. Бойына бала біткелі бері мұхит асып, отбасымен Лос-Анджелесте тұрып жатқан Лидия Доссалина төртінші рет ана атанды!
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін сылқымның екі ұлы мен қызы да АҚШ-та туылып, сол елдің азаматтығын алғанды. Лидо кенжесіне Рамина есімін еншілеткенін, аман-есен аяқ-қолын бауырына жиғанын айтып, инстаграм парақшасында жағымды жаңалығымен бөлісті.
«Бізді құттықтасаңыздар болады! 29.08.2019 тағы бір ханшайым дүниеге келді. Салмағы 3280 келі, бойы 51 см» деп жазба қалдырған.
Лидоның ізін Динара Қырықбаева да таяуда басып қалар. Сылқым әзірге үшінші сәбиін өмірге әкелді. Азан шақырып Айя деп атын қойған ханшайымының да, жас ананың да жағдайы жақсы. Перзентханадан үйлеріне де шығып үлгерген.
Өз алдына отау тігіп, құсын қолына қондырғанын көпшіліктен мейлінше жасырып келген Ернар Айдар «тұла бойы тұңғышы» туылғанда үнсіз қала алмады. Әріптестерінің әлеуметтік желіде жарыса құттықтаулары өз алдына, әнші де қуанышты хабарымен бөлісіп, қызды болғанын айтты. Перзентіне серінің әкесі – Айшолпан есімін қойған.