Қит етсе хит болатын Төреғали, кезекті даудың қақ ортасында. Бұл жолы әншінің су жаңа жұмысы көшірме клиптердің тізімін толықтырды.
Иә, Төреш еш қымсынбастан италияндық әншінің репертуарына қол сұққан. Біздің елде белең алған бұл үрдіске көпшілік қазақ композиторларын кінәлайды.
Ринат Гайсин, композитор:
- Ондай сұрақтарды инстаграмда да қоя береді. Ринат аға, осындай-осындай ән шығыпты ғой сіз білесіз бе? Ол румын елінің әні, болгардың әні екен немесе Түркияның әні деп...
Музыка әлеміндегі бұл мәселе отандық орындаушыларды да қынжылтады. Әлидің айтуынша, әріптестерінің басым бөлігі шет елдік шығармаларға заңсыз жиендік жасап жүр.
Әли Оқапов, әнші, композитор:
- Олардан сатып алу, құқықты алу ол бір бөлек. Ол жағына ештеңе айта алмаймын. Шынымен де ресми түрде рұқсат алып орындаса, әлдеқайда заңды. Ал ешкімге айтпай, ескертпей, қазақшаға аудара салып, өз әнім деп хитке айналса – оның жауапкершігілігі дұрыс болу керек!
Ал, Ринат Гайсин, шет елдік әуенге қазақы колорит қосылса, қос қолдап қоштайтынын айтады.
Ринат Гайсин, композитор:
- Әрине, үлкен сұрақ! Шет елден әндер алып, сол қазақтың иісі болса, қазақтың ноталары болса, ол әрине жақсы болар еді.
Бірақ кәсіби композитордың бұл пікірімен Оқапов мүлдем келіспейді. Өнерпаздың пайымдауынша, өзге халықтың әуендерін ұрлаған отандық әртістердің әрекеті «дайын асқа тік қасықпен» пара-пар!
Әли Оқапов, әнші, композитор:
- Мен үшін өнер дегеніміз біріншіден ол ізденімпаздық, ізденушілік. Яғни, жаңа бір нәрселерді іздеп табу. Ал сен дайын нәрсенің алып айта салсаң қызық емес және де ол халықты алдаумен тең деп есептеймін.
Бірақ Төреғали бұл тірлігіне тоқтау салуға құлықты емес секілді. Атышулы әншінің осыдан төрт жыл бұрын жарыққа шыққан «Төрешің» атты туындысы да шет елдік сазгердің еңбегі еді.