Ресейлік «Black Star» лейблында тағы да дау!
Бұл жолғы жанжалды L’One жандандырды.2012 жылдан бері Тиматидың «ақ дегенін алғыс, қара дегінін қарғыс» деп, «ләппай тақсырдың» күйін кешкен рэпердің өкпесі қара қазандай. Себебі, құдайындай сыйынып келген экс-бастығы музыканттың қоржынындағы дүниесін түгелімен тартып алмақ. Яки, бұл жеті жылдан бері жазған авторлық әндері һәм сахналық лақап аты!
L’One, музыкант:
-Мен бұрын бастығым деп білген адамдар, барымды тартып алмақ. Олар менің өз авторлығымен жазған әндерімді шырқауыма кедергі боламыз деп ойлайды. Менің өнер көрсетуіме қарсы боламыз дейді. Алайда мен қол қусырып қарап қалмаспын!
Дәл осылай пост жариялап, табынушыларына жан айқайын жеткізген Леван Горозия мұнымен ғана шектеліп қалмақ емес. Серінің қорғаушылары «Black Star» лейбілінің үстінен шағым түсіру үшін, ауқымды әзірлікті бастап кеткен.
L’One көпшіліктен қолдау сұрап жатқанда, «Қара жұлдыз» қожайыны Тимати да үнсіз қалмады.
Timati, «Black Star» лейблының негізін қалаушы:
-Келісімшартқа қол қоймас бұрын, сен барлық талаптарды білдің! Заңды түрде компанияға тиесілі дүниелерді қалайша тартып алмақсың?! Сенімен адамша қоштасайық деп едім.
Қос музыканттың арасындағы дауға, былтыр дәл осындай жағдайға тап болған Кристина Сиде араласқан еді. Әнші қыз біраз уақыттан кейін өзінің есіміне қатысты істі қайта қозғайтынын ашып айтты.