Алғашқыда айтыскер, кейін атышулы әншіге айналған Төреғали, енді таяуда тыңшылық жұмысымен танылмақшы. Өнерпаздың осы уақытқа дейін көпшілікке бәймәлім қыры мен сыры, оның су жаңа кинотуындысында көрсетілмек екен...
Төреғали «Ұлы дала комедиясында» шаштарын түрлі-түске бояп, сырға таққан жігіттермен бәсекеге түссе, кезекті картинасында тыңшының кейпіне еніп, көрермендерге тың образымен танылуға ниетті. Атышулы әнші жаңа фильмінің түсірілімін, өнердегі 10 жылдық мерейтойының қарсаңында жүзеге асырмақшы.
Төреғали Төреәлі, әнші, актер:
- Ресми түрде есептегенде, менің 17 жасымнан бастап есептесек, биыл күзде 27-ге толады екенмін. Яғни, сахнада жүргеніме 10 жыл. Сол мерейтойды атап өтеміз. Сол мерейтойдың аясында «Ұлы дала шпионы» деген фильм түсірейін деп жатырмыз!
Алғашқы картинадан кейін Төреғали әккі киномаманға айналғандай. Бүгінде «Ұлы дала баласы», толықметрлі картина таспалауға бекінген әріптестеріне ақыл-кеңес айтатындай дәрежеге жетіпті.
Айқын Төлепберген, әнші:
- Төрешпен сөйлестім. Продюсерлермен сөйлесіп жатырмын, сценаристермен, режиссерлермен сөйлесіп жатырмын. Бүкіл жолдарын қарап жатырмын.
Жаппай кинонарыққа қызмет етуге құлшынысы оянған жұлдыздардың қадамына қарап, табыстың кілтін тапқан ба дерсіз... Алдағы уақытта Болмановтың байопигі таспаға тартылса, таң қалмаңыз. Қазіргі таңда Қыдырәлі авторлық кітабын жазуда. Кейін қаламынан туындаған еңбегін көлемді киноға айналдырмақшы.
Қыдырәлі Болманов, әнші, продюсер:
- Өзімнің жақсы бір кітабымды жазып жатыр едім. Оның жартысын жазып, оны Ақан Сатаевқа көрсеткен болатынмын. Сонда айтты: «Бұл ең кассалық фильм болуға болатын дүние де», - деді. Сол кітапты бітіріп, бітірген соң шығарып, шығарған соң синопсисін жасатып, әр адам бұрын-соңды болмаған бірдеңе түсіргісі келеді ғой негізі.
Қыдырәлі дебьюттық лентасының сюжетін сыр қылып сақтағанымен, жоспардағы жобаның желісі шынайы оқиғаға құрылатынын ашып айтты. Продюсердің кинотуындысына шоу-бизнес, жеке кәсіпкерлік және жұлдызды жанұяның жетістігі арқау болуы бек мүмкін.