Инстаграмда Мақпал Жүнісова мен оқырмандарының ашық айқасы басталды. Бұл жолы хэйтерлер халық әртісіне бірнеше талап қойған. Алғашқылары әншінің сахнадан кетуін жөн көрсе, енді бір топ өнер иесінің репертуарын сынға алған.
Мақпал Жүнісова, ҚР Халық әртісі:
- Біреулер айтады. Сіз модный әнші емессіз, неменеге жүрсіз, жастар сияқты заманауи өлең айтпайсың ба деп жазғандары да болды. мен бүйтіп-бүйтіп жастардың әрекетін жасамаймын ғой.
Бұл инста-әлемде бір жарым миллионға жуық оқырманы бар Мақпал ханымға бағытталған кереғар жазбалардың бер жағы. Келесі пікірлердің легі – Халық әртісін сахнаға шығармаудың әлегі іспеттес.
Мақпал Жүнісова, ҚР Халық әртісі:
- Пенсияға тезірек кетпейсіз бе, жастарға орын бермейсіз бе деп жазады. Мен біреудің аяғынан төмен тартып жатырмын ба, менен үлкен апаларым жүр ғой. Енді бәрімізді о дүниеге аттандырып жіберуге асығып отыр ма біреулер. Керісінше біздің жүргенімізге тәубе десін.
Әуелде әріптестерінің желеуімен әлеуметтік желіге тіркелген Жүнісова, жағымсыз жазба қалдырғандарды жазалаудың жолын таппай дал. Ал, Мәдина Сәдуқасова, инстаға отты суреттерін салған сәтте, барынша қорғанудың амалына көшеді. Бір қызығы Мәдина саны көп хэйтерлерді емес, анасын бірден қара тізімге жібереді екен.
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
- Мен өзімнің анамды кейде блокқа қойып қоямын. Өйткені мен білемін, қазір мына суретті салсам неше түрлі нәрселер жазылады. Мамам көрмей-ақ қойса екен деп.
Өнердегі әпкелерін әбігерге салған мәселені, соңынан ерген сіңлілері лезде шешуге даяр. Бұл тұрғыда жеке басының құқығын кіші Жолдыбаева жақсы біледі.
Алтынай Жолдыбаева, әнші:
- Қазір біреу балағаттап, егерде қатты жаныңа тиетін сөздер жазатын болса, оның барлығын заңды түрде қарастыруға болады. Яғни, қандай нөмерге тіркелген? Ол нөмір кімнің атында және тағы да басқа... Сондықтан да абай болыңыздар.