Адель жеке өміріне қатысты мәселелері шеше алмай жатқанда, әйгілі Канн фестивалі қызу дайындыққа кіріскен. Биыл киносайыстың бағдарламасы ғана емес, қонақтары да ерек болады деп күтілуде. Мәселен, солардың қатарында жуырда ғана ауруханадан шыққан – Селена Гомез де бар.
Канн фестивалі - Селена Гомез үшін ұзақ емделуден кейін қатысқан алғашқы ауқымды шара болмақ. Жүйке жүйесі сыр берген өнерпаз ауруханаға жатуға мәжбүр болған еді. Енді ол, қызыл кілемде Джима Джармуштың «Өлгендер өлмейді» атты картинасының атынан төбе көрсетпек.
Еске салсақ, аталмыш лента 72-ші рет өткізіліп отырған фестивальдің шымылдығын түрмек. Одан бөлек, фильм бас жүлде алудан үмітті. Селена Гомезден өзге, картинаға Хлоя Севиньи, Адам Драйвер, Билл Мюррей, Тильда Суинтон сынды дарынды киногерлер түскен.
Тьерри Фремо, Канн кинофестивалінің директоры:
- Шараның биылғы бағдарламасы өте қызық. Сайыста әйел-режиссерлар мен дебьютанттар, зомбилар мен әншілер, жұмыссыздар мен босқындар – қысқасы бәрін көре аласыздар. Кинодағы кейіпкерлер сан алуан.
Канн фестивалі 14-25-ші мамыр аралығында өткізілмек. Еске салсақ, әлемге әйгілі киношара аясында, отандық «Балуан Шолақ» лентасының
қосымша таныстырылымы ұйымдастырылатыны белгілі болған еді.