Бейонсенің тыңдармандары үшін де, қуанышты жаңалық бар! Поп-әнші өзінің жетінші үнтаспасын жарыққа шығарды. Сонымен қатар, өнер иесіне арналған деректі фильм ұсынылып отыр. Альбомдағы тректерді Джей-Зидің жұбайы дәл осы фильмге арнаған екен.
Бейонсенің «Homecoming: The Live Album» атты су жаңа жинағы, тыңдармандары үшін тосын сый болды. Әнші үнтаспаға, жанды дауыста өнер көрсеткен сәттеріндегі тректерді жинақтапты.
Есімі күллі әлемге танылған поп-әншінің жетінші альбомы басы-қасы 40 әннен тұрады. Ол тек өзі ғана емес, сіңілісі Соланж Ноулз, жұбайы Jay Z-мен қосыла шырқаған туындыларын да енгізген екен. Бейонсе тіпті сахнаға қадам басқан «Destinyʼs Child» тобының мүшелерімен де ортақ туындысын ұсынды.
Бейонсе жайлы деректі фильм Netflix компаниясының тапсырысымен таспаланған. Онда, әншінің Coachella фестивальнде өнер көрсеткен сәті баяндалады. Бейнонсенің дәл осы шараға қатысуы тарихта қалған еді. Себебі ару хэдлайнер атанған тұңғыш қара нәсіл иесі болған.
Бейонсенің шығармашылығымен қатар, жеке өмірі де сөз етілетін фильм дәл бүгін жарық көрді. Netflix-тің ресми сайтында тұсауы кесілген туындыда, әншінің көпшілік білмеген сырлары да суреттелген.