Дәл осы «Балуан Шолақ» фильмінде бойжеткеннің образын сомдаған Альбина Шардарова, былтыр актер Бауыржан Сатовпен шаңырақ көтерген еді. Бір өкініштісі, жылдар жылжыса да жас жұбайларға жағымсыз жазбаларды жаудыратындар көп екен. Жұлдызды жұп хайтерлермен қалай күресіп жүр?
Бауыржан мен Альбина отасқан күні жақындары жылы лебізін жаудырса, хэйтерлері кереғар пікірлерін қарша боратқан. Өйткені, екінші мәрте отағасы атаған Сатовтың бұл шешімін жанкүйерлері күтпеген-ді. Сол сәттен бастап екі жастың әр қадамы жұрттың жіті назарында. Алғашқыда жағымсыз жазбаларды оқыса көңіл-күйі бұзылатын ғашықтардың, бүгінде әлемжелідегілердің құйтырқы әрекетіне еті үйренген.
Бауыржан Сатов, актер:
- Әйтеуір отырып тырнақ астынан кір іздейтін бір адам болады. Бірақ біз көп нәрсеге мән бере бермейміз. Теріс пікірлер әрқашанда болған. Ол болады да әркімде болсын. Ең бастысы оған мән бермеу керек. Ең бастысы біз өзіміз бақыттымыз. Өзімізге бәрі ұнайды.
Бастапқыда Бауыржан актер әрі тележүргізушілік қырымен танылса, Альбинаның да ғаламтор әлемінде ауқымды аудиториясы қалыптасқан. Бүгінде қос өнерпаздың инста-оқырмандары еселеніп, олардың жұрт арасында танымалдығы артқан көрінеді.
Альбина Шардарова, әнші:
- Барлығында солай ғой өзі. Бір отбасын құрып, үлкен бір жаңалық бола қалса, танымалдығы бірден арта кетеді ғой. Сондықтан ондай жағдай бізде де бар. «Альбина-Бауыржан» деген жұпты біледі. Мен енді соны ғана байқадым.
Айтпақшы, жұлдызды жұптың жұртқа жария қылар жағымды жаңалығы бар. Таяуда Бауыржан әке мәртебесін еншілейді, ал Альбина ана бақытын сезінбекші. Осы уақытқа дейін жан баласына жақ ашпаған ерлі-зайыптылар, жанұядағы қуанышты хабарды көпшілікпен бөлісбекке бекініпті.
Бауыржан Сатов, актер:
- Өзіміздің тұңғышымызды күтіп жүрміз. Енді оны мен айтпай келгенмін ұзақ уақыт бойы. Уақыты жақындап қалды. оны жасыру мүмкін емес. Қай жерде жүрмесек те көрініп жатыр, білініп жатыр.