Американың экс-президентінің әйелі Мишель Обама да, нәзік жандыларды жетістікке жетуге шақырады. Қарапайымдылығымен көптің жүрегін жаулаған Мишель, «Becoming» кітабының құрметіне ерек кездесу ұйымдастырды. Еске салсақ, атамыш туынды әлем бойынша сатылымы ең жоғары кітаптардың бірі болуы бек мүмкін.
Мишельдің мемуарын бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Өйткені экс АҚШ президенті асыл жарының бастан өткергені өте көп. Жетістіктер мен жеңілістер, әлемнің ең беделді бикешінің бірі болуы, халық арасында «қара нәсілді ашулы ару» атануы – барлығы үш томдық басылымды қамтитын ұзақ әңгіме.
Мишель Обама, жазушы:
- Президенттің әйелі атанған алғашқы сәттерім ешқашан есімнен кете қоймас. Көбісі енді не істейсің, немен шұғылданасың деген сынды сауалдар қойды. Сонда, мен үшін ең бірінші орында - ана болу деген едім. Бұл жауабым көпке ұнамаған.
Осы сынды ағынан ақтарылған әңгімелер Мишелдің «Өзім болу», «Бірге болу», «Беделді болу» атты үш кітабына жинақталған. Биографиялық еңбектің алғашқы бөлімі жарық көрген бойда, бестселлерге айналған еді. Оқырман қауымды, елбасы әйелінің ел естімеген құпиялары қызықтырса керек.
Мишель Обама, жазушы:
- Қара нәсілді адам ретінде талай әділетсіздікке тап болғанымды жасырмаймын. Кезінде елдер біз сияқты адамдардан қорқатын. Сондықтан, кітап арқылы бұл түсінікті жойғым келеді.
Обама ханымның арнайы таныстыру үшін Парижге алып келген кітабы, болашақта әлемдегі сатылымы ең жоғары туынды атануы мүмкін. Басылым жарық көрген аптасында-ақ, 50 000 данамен халыққа тарып кеткен көрінеді.