Канн фестивалінің үздігі Самал Еслямова Алматыда шәкірт тәрбиелемек!

Сообщить о проблеме с эфиром

Самал Еслямова бұдан былай ұстаздыққа бет бұрмақ. Канн фестивалінде үздік деп танылған тұңғыш қазақ қызы, енді Алматыдағы жастармен тәжірибесін бөліспекке бекінген. Әйгілі актрисаның шеберханасына қатысты тың деректі Өнер акамдемияның ректоры растады.

Бұл Самалдың Канн төрінде көпшілікке айтқан алғысы еді. Жаһан жұртының назарын өнерімен өзіне қаратқан қазақ қызы, ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» драмасындағы образы үшін «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын еншілеген-ді. Атағы аспандаған актриса, алдағы уақытта отанына оралып, жас таланттарға тәлім бермекші. Тың идеяның авторы – Өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров.

Асхат Маемиров, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры:

- Ол қазір фильмдерге түсу үстінде. Бір-екі жылда кино актерларын дайындайтын кезде, Самал міндетті түрде келемін деп айтты. Самал Еслямова біздің академиямызбен тығыз байланыста. Сергей Дворцевой екеуі «Құрметті профессор» атанды. Сондықтан олар жиі-жиі шеберлік шыңдау сабақтарын жүргізіп отыратын болады.

Биыл Азамат Сатыбалды да ұстаздыққа бет бұруға бекінген. Алғашқыда ұсыныстан бас тартқан актер, соңында жас таланттарды тәрбиелеуді жөн деп шешеді.

Азамат Сатыбалды, актер:

-Ертелеу ғой деймін деп жүргенмін. Бірақ Асхат Максимұлы белден басты. Ерте емес екенін, дәл уақыт екенін. Сен қартайғанда маған керек емессің. Қазір жалындап тұрған кезде, бойыңда от пен қызу бар кезде, сен шәкірт тәрбиелеп беруің керек деген ұсыныс айтты. Асхат мырзаға қарса келе алмадым!

Асхат Маемиров, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры:

- Жаздың кезінде көп талапкер келеді ғой. Сол кезде кімге ұқсағың келеді деген сұрақ қойылады. Олар Азамат ағама ұқсағым келеді дейді. Сондықтан, Азамат Сатыбалды биыл «драма және кино әртісі» мамандығы бойынша таланты қыз-жігіттерді жинайды.

Азаматтың жолын қуып, шәкірті атануға бел буған қыз-жігіттерге қандай талап қойылмақ?

Азамат Сатыбалды, актер:

- Кейде бір адамға келбет береді де, талант бермейді. Оның да қажет емес. Кейде адамға керемет талант береді де, сахнаға шығатындай келбет бермейді. Ол да керек емес. Сол үшін бұл жерде құстың екі қанатындай екі жағы да тең болу керек.

Осы жылы аталған өнер ошағында танымал актер Берік Айтжанов та «музыкалық театр әртісі» мамандығы бойынша тұңғыш рет төл шәкірттерін қабылдамақ!