Қазақстан мен қазақ эстрадасы! Жұлдыздар неге жік-жікке бөлініп жүр?

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық өнер өкілдері арасындағы өзара бөлінуге тоқтау салу мүмкін болмай тұр. Бұл - Бейбіт Қорғанның көкейдегі қыжылы! Әншінің әріптестері «Қазақстан және қазақ эстрадасы» деп өздерін екі топқа жатқызады екен. Ал, жік-жікке кеткен жұлдыздардың қай санатта екенін қалай анықтаймыз?

Қорғанның кәсіби сахнадағы алғашқы қадамы 2000-шы жылдары бастау алған. Сондықтан ән әлеміндегі бұл мәселе Бейбітті бұрыннан мазалап жүрсе керек. Бірақ, уақыт өте келе шешімін табар деген үмітте болған. Алайда, өнер өкілдерінің өзара бөлінуі үдеп баратын көрінеді.

Бейбіт Қорған, әнші:

-Бізде қазақ эстрадасы мен Қазақстан эстрадасы деген сияқты бөлініп жүргендер көп. Жаңағы орысша айтатындар бар, қазақша айтатындар бар. Ондай әңгіме болмайды негізі. Бұл деген «қазақстандық», «отандық» эстрада болу керек. Оны тек қана халық бөле алады. Өнер адамдарының өзі бөліну дегенді дұрыс емес деп санаймын.

Мәдинаның да өнерден жиған тәжірбиесі 20 жылдан асады. Қазақстан және қазақ эстрадасы! Сәдуақасова қай топтағы әртістердің санатында?!

Мәдина Сәдуақасова, әнші:

-Мен қазақ эстрадасы деп ойлаймын. Әрине, қазақ эстрадасы!

Ал, танымалдар арасында талқыға түскен тақырыпқа қатысты әншінің айтары мынау...

Мәдина Сәдуақасова, әнші:

-Енді менің өзімнің жеке пікірім, өнер адамы бөлінбеу керек сияқты. Ешқандай! Қазақ эстрадасы, Қазақстан эстрадасы бәрі бір өнер. Мен стиль, жас айырмашылық, мына заман, ана заман деп бөлінгім келмейді.

Отандық эстрадада екі түрлі бағытты таңдаған Ернар мен Әлидің дуэтін бұл концертте көпшілік күткен жоқ. Айдармен қосыла ән шырқау, Оқаповтың да үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Өйткені, қос өнерпаз жоғарыда аға-әпкелері сөз еткен екі топтың өкілдері.

Әли Оқапов, әнші:

-Күтпедім! Өйткені өздеріңіз білесіздер, осындай концерттерде бағыт бойынша, тыңдарман бойынша жақындау әншілерді шақырады. Мысалы, Төреғали болсын, Қайрат болсын, Әбдіжаппар болсын дегендей. Ал еді біздің ауылымыз енді басқа жақта ғой.

Қазақстан мен қазақ эстрадасындағы әншілер арасында жақсылықтың нышаны байқалады. Бірігудің түбінде – береке бар!