Гауһар Әлімбекова ән әлемінде қала ма, әлде темір торға тоғытыла ма?

Сообщить о проблеме с эфиром

Бүгін әнші Әлімбекованың қылмыстық ісіне қатысты мәселе тағы қаралды. Сонымен, бұдан былай Гауһар ән сала ма, әлде өнер иесінің алдағы өмірі абақтыда өте ме? Серікқазы Аязбаев айтады!

Бұл жолы айыпталушы Әлімбекова да, 40 мың доллар қаржысынан демде айырылған сазгердің экс-құрбысы да соттың әділ, әрі соңғы шешімі шығар деп топшылаған-ды. Алайда, олардың дауына нүкте қойылар түрі жоқ. Алғашқыда Гауһардың қарызын әншілер қауымы қайтарып беруге бекінгенде, Назарова алмаған еді. Енді жәбірленуші тараптың жүрегі жылығанда, әртістер қауымы құнды қағазды табыстауға құлықсыз көрінеді.

Марс Жанабаев, жәбірленушінің адвокаты:

-Бұлардың жинаған ішінара жинаған сомасын алуға біз келісім бердік кейіннен. Олар кейін бас тартты. Үзілді-кесілді осымен ешқандай реніш жоқ деп, біз келісуге болатын еді. Бірақ олар жинаған ақшаны да берген жоқ.

Шынқуат Байжанов, Г. Әлімбекованың адвокаты:

-Әншілер қауымы әуелі 7 миллион ұсынды, осы соттың арасында жүргенде 10 миллион апарып берді. Ал енді қараңыз, маған 40 мың доллар беріңдер, сосын 40 мың долларға Гауһар расписка жазып берсін дейді. Сонда 80 мың доллар сұрап отыр.

Қос тараптың түрлі толғанысы Әлімбекованың әріптестерін де әбден әбігерге салған. Дәл қазір өнерпаздар қауымы «ары тартса арба сынады, бері жылжыса өгіз өледінің» күйін кешіп жүр.

Ерғали Әбдірайымов, продюсер:

-Сотталып та кетуі мүмкін, ақталып шығуы да мүмкін. Осы жағдай мен болатын болсам, құрысыншы бере салшы деп айтар едім де мүмкін. Бұл жерде Гауһар ешқандай ақша бермеңіз деп отыр да. Менің арым таза, мен ешқандай қарыз емеспін деп отыр. Соған қарағанда шынымен де Гауһар кінәлі емес шығар деп ойлап отырмын да.

Әлімбекова өзіне тағылған айыптан бас тартып, әліптің соңын күтуді құп көрсе, жәбірленуші Назарова айтқанынан қайтпақ емес.

Бақыт Назарова, жәбірленуші:

-Маған келген залал қайтарылмайынша, мен бұл істі жай қалдырмайтын. Керек болса Жоғарғы сотқа, бас прокуратурға шағымданамын. Алған бағытымнан қайтпаймын!

Бүгін де бұл мәселе шешімін таппады. Келесі сот отырысы сәуір айының 10-күні өтеді.