Ерен еңбегі үшін арнайы мүсіншені еншілеуде, шетелдік танымалдар да шетте қалмады! Мәселен, Лос-Анджелесте Image Awards марапаты табысталған еді. Айтулы кеште жұлдызды жанұя - Бейонсе мен Джей Зи сөзсіз триумфатор атанды.
«Image Awards» марапаты - қара нәсілділерді қолдау қоғамының ұйымдастыруымен жарты ғасырдан бері өткізіліп келеді. Мақсаты – кино, телевизия, театр, музыка мен әдебиетте жетістікке жеткен жандарды марапаттау.
Мәртебелі марапаттың биылғы жұлдыздары –Джей Зи мен Бейонсе. Әнші ару көпшіліктің пікірімен «жыл әртісі» атағына лайық деп танылған.
Бейонсе, әнші:
-Айтар сөзімді алдын-ала дайындап қойғаным қандай жақсы болды! Қара нәсілділер өкілі ретінде Реджина Кинг, Чедвиг Боузман, Леброн Джеймс, Райан Куглер сынды үлгі болып жүрген тұлғаларға алғыс айтқым келеді.
Бейонсенің асыл жары айтулы кештен құр алақан қайтпады. Джей Зи анау-мынау емес, президенттік сыйлықты үйіне қолтықтап қайтты. Алайда рэпер, өзгелерге емес, жақындарына алғыс айтуды жөн көрді.
Jay-z, хип-хоп орындаушы:
-Менің үйімдегі ең мықты нәзік жандылардың арқасында осы жетістікке жеттім дер едім. Сондықтан бұл марапатты әйелдер қауымы мен сүйіктіме арнағым келеді.
Сондай-ақ, кеш барысында «Қара қабылан» картинасы «үздік фильм» марапатын еншіледі.