Алагөзованың «Кешьюі», жаңа құрамның тың туындысын түсінбеген тыңдармандарына наразылық танытуда. Жас қыздардың хэйтерлері де қол қусырып текке отырмай, кереғар пікірлерін жаудырып жатыр. Ғаламтордағы ашық айқасқа «Ұят емес» әнінің мәтіні себеп болса керек...
«Ұят емес» - жаңа құрамның дебюттық клипі. Атышулы топтағы қыздар ауысқан сайын, тыңдарманы сан алуан пікір білдіретін. Бұл жолы да дәстүрден жаңылмаған көпшілік, арулардың вокалдық қабілетін сынамаса да, тың тректің мәтінінен мін табуға тырысып әлек.
KeshYOU тобы:
-Жаман пікірлер біздің образ туралы. Яғни, бір өкініштісі халық сөзіне үңілген жоқ. Бірінші жолы бар ғой «Сенің қысқа киінгенің ұят емес» деген. Сендерге сол ұят емес пе деп, соған ғана қадалып қалды. Арғы жағындағы сөздерге үңіліп қараған жоқ!
Жағымсыз пікірлер жас қыздардың жігерін жанши алмаған. Араға уақыт салып, «Ұят емес» әніне таспаланған туындының тағы бір нұсқасын ұсынды көпшілікке. Қос бейнебаянның сазы мен сөзі қаз-қалпында қалғанымен, образдары өзгерген.
KeshYOU тобы:
-Жаңа жылға дейін, 2018-ші жылы 27-ші желтоқсанда осы бірінші нұсқасын түсірген болатынбыз. Бірақ продюсеріміз Баян Мақсатқызына ұнамады, қабылдамады. Сондықтан, қайта түсіруге мәжбүр болдық. Бірақ шаң басып жатпасын, жұмыс зая кетпесін деп жұрттың назарына ұсындық!
Бірақ, топтың түпкі ойын түсінгендер де бар. Әуелде қыздардың қылығын оғаш көргендер, санаулы күндерден соң көзқарастарын өзгертіпті.
KeshYOU тобы:
-Біз көп бағдарламаларға шықтық, сұхбат бердік, домбырамен жанды дауыста әндер айттық. Содан кейін халық жазып жатты. Біз негізі басқаша деп ойлап едік, бірақ осындай екен деген пікірлер көп болды!Бізді біраз танып білгеннен кейін, ойларын өзгертіп жатқаныны біз үшін өте үлкен қуаныш алып келді.
Дәл қазір жаңа құрамның клипіне «лайкты» лайық дегендер мен хайтерлер басқан «дизлайк» саны теңдей.