Төреғали Төреәлінің шаңырағында тағы да дүбірлі той. Таяуда төртінші мәрте әке атаған әнші, жұбайы мен ұлын перзентханадан шығарып алды. «Ұлы дала баласының» ендігі арманы – атұстарының атышулы азамат болуы.
Төреғалиге келіншегі Толқын шекесі торсықтай ұлды, наурыз айының төрті күні сыйлаған. Сүйінші хабарды бірінші болып командасынан естіген Ұлы дала баласы, ол кезде еліміздің батыс өңіріндегі әнсапарда жүріпті.
Төреғали Төреәлі, әнші:
-Оралда концерт бердік. 500-600 километр көлікпен Ақтөбеге жүріп келдік. Таңғы асымызды ішіп, қонақүйде ұйықтап жатқанмын. Ұйықтағаныма 5-10 минутта өткен жоқ. Бөлмемнің есігін қағып, әкем бастаған команда «құтты болсын» деп айғайлап, құттықтап кіріп келді. Шынымды айтсам, сол сүйінші сұраған сәттен бастап әлі ұйықтамадым ғой.
«ТТТ» шаңырағын шаттыққа бөлеген бөбектің толық аты-жөні – Төреәлі Төренұр Төреғалиұлы.
Төреғали Төреәлі, әнші:
-Есімін атасы қойды. Менің әкем қойды. Қуанышты хабарды естігеннен кейін, 1-2 сағаттың ішінде есімін қойып үлгерді. Соған қарағанда, өзінің жоспарлап жүрген есімі болу керек.
Бүгінде Төреш пен Толқынның отбасында – Томирис, Тоғжан және Фатима есімді бұрымдылар өсіп келеді. Қыздарының өнер жолын таңдауына қарсылық танытқан хитмен, бір қызығы атұстарының әке жолын қуып, атышулы болғанын аттай қалайды.
Төреғали Төреәлі, әнші:
-Балаңның бір жарқырап, жасындай жайнап жатқанын кім қаламайды. Бірақ қазақта бір керемет сөз бар. «Атың шықпаған қызың болсын, атышулы ұлың болсын» деген. Егер ел бала қалағанын жасаймын деп тұрса, оған ешқандай қарсылық жоқ қой. «Қызды қырық үйден тию» дейді. Қыз балаға кішкене ауырлау. Біздің өзіміз ілініп-салынып, зорға дегенде жүреміз мысалға. Сондықтан, қыз балаға өнер жолы өте ауырлық қылатын сияқты, менің ойымша.
Көп балалы отбасылардың тізімін толықтырған Төреғали мен Толқын, төрт перзентпен тоқтап қалмаймыз деп отыр. Жұлдызды жанұяның қуанышына ортақ ет-жақындары, келер жылы да шілдехана тойынан үмітті.