Елбасыға рақмет!

Сообщить о проблеме с эфиром

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз еркімен президенттік тақты босатуы – күтпеген хабар болғаны анық. Бұл жаңалықты жастар жағы лезде іліп әкетіп, тұңғыш мемлекет басшысымен түскен суреттерін желіге жарыса жүктеп, алғыс айтуда. Біз Әбішұлының ел жадында қалған қызықты әрі ерекше сәттерін тағы бір еске алуда жөн көрдік.

Отыз жылға жуық Қазақ еліне тұтқа болған Нұрсұлтан Әбішұлының көшбасшы ретіндегі тарихи жетістіктерін халық жақсы біледі. Оның өмірбаяны жайлы көптеген фильмдер таспаланып, кітаптар жазылды. Дегенмен, еліміздің бүгінгі буыны бейресми түрде «Нұр-Атамыз» деп атайтын тұлғаның, жастарға деген қарымта ықыласы да ерекше. Биылғы «Жастар жылына» арналған үлкен жиын осының бұлжымас дәлелі.

Нұрсұлтан Назарбаев президент болған уақытта қазақ спортшылары көп белесті бағындырды. Ел мерейін асырған олимпиада және өзге де әлемдік сайыстардың жүлдегерлеріне Елбасы да мол қаржылай сыйақы мен қолдауын аяған емес. Атақты зілтемірші Илья Ильин әр жеңісі сайын тікелей телефон арқылы құттықтауын еститін. Осы тектес сан ілтипатына алғыс ретінде, атлеттеріміз «Тұңғыш президентпен» түскен фотоларын таласа желіге жүктеуде.

Бұл Елбасымен естелік суреттер шеруінен шоу-бизнес өкілдері де құры қалған жоқ. Қазақстанға белгілі актерлар, әншілер мен мәдениет қызметкерлерінің біразы Назарбаевтың қолынан марапат алған. Еліміздің іскер жастары да талай форумдардың аясында Нұрсұлтан Әбішұлымен емін-еркін селфи жасайтын. Бұл түрлі трендтерден қалыспайтын, заманның жүрек қағысын дөп басқан көреген саясаткерге тән қасиет болса керек.

Астарлы әзілімен көптің езуін тартқызып, ән салып, би-билеп, өзі тәп-тәуір ойнайтын ұлттық музыкалық аспабымызға - 2018 жылы арнайы «Домбыра күнін» бекітіп, 55 жасында тау шаңғысына үйреніп, үлкен тенниспен бір кісідей шұғылданып, ақындық әрі жазушылық қырын да танықтан Нұрсұлтан Назарбаев – миллиондаған қазақтың ұл-қызына үлгі болып қала бермек!