Ғаламторсыз өмір сүруге бола ма? Ақан Сатаев су жаңа фильмінде дәл осы сұраққа жауап іздеді! Алайда, киногер тұсауы кесілген картинаға әдеттегідей режиссеры емес, тек продюсері ретінде қатысқан. Ал, әлеуметтік желіден тәуелсіз болуға шақырған лента, Асылхан Төлепов бастаған жұлдыздарға ой салған көрінеді.
«Офф-лайн демалыс!» Қырғыз режиссеры Руслан Акун мен Ақан Сатаевтың бірлесе таспалаған туындысы, өскелең ұрпақты – ана тілінде сөйлеп, ғаламторсыз өмір сүруге шақырады. Сюжет желісі бойынша – қаланың еркетотай балалары ешбір гаджетсіз жазғы демалысын ауылда өткізуі тиіс.
Ақан Сатаев, продюсер:
-Руслан сынды режиссермен баяғыдан серіктестік орнатқымыз келіп жүрген. Оның үстіне, қазіргі қоғамға пайдасы мол, қажетті фильмнің неліктен продюсері атанбасқа? Меніңше, бұл жоба коммерциялық болса да, өте пайдалы деп білемін.
Картина өзекті тақырыпты қозғап қана қоймай, ел естімеген кинодағы жаңа есімдерді ашуымен де ерекше.
Бексұлтан Елеусізов, жас актер:
-Мен үшін бірінші кино, фильм үлкен экрандағы дебют. Тәжірибе алдым.
Жас актерлармен бірге, Данелия Төлешова да кинода бағын сынап көрді. Одан бөлек, әнші қызға картинаның саундтрегін орындау бұйырған екен.
Данелия Төлешова, әнші:
– Маған саундтрек қатты ұнады. AlvinToday сынды рэпермен осы әнді орындау толық көңілімнен шықты.
Лента өзегіндегі негізгі идеясымен, алғашқы тамашалаған жұлдызды көрермендеріне салмақты ой сала алған секілді.
Санұржан Сүлейменов, актер:
-Қазіргі уақытта балаларға жыламас үшін телефон беріп қояды. Мультиктер қосып қояды. Ол өскенде жақсы нәрсеге әкелмейді деген ойдамын.
Асылхан Төлепов, актер:
-Негізі мүмкіншілігінше телефонға, былай ғаламторға жақын болмағанын қалар едім. Қазір ол шектеу қою керек. Сабағын жақсы оқысаң ғана кіресің, бір сағат деген сияқты.