Серіктен соң, сәтті жобаға қолы жетпей жүрген Алтынбек Рахметов, кәсібіне қайта кірісті. Жас таланттарға іздеу салған азулы продюсер, ауқымды іріктеуден кейін керегін тапқан сияқты. Бірақ Ибрагимовтың бұрынғы басшысы, жұмыс істеу тәсілін өзгерткен.
Алтынбек Рахметов, продюсер:
-Серікпен жіберген қателіктерімді, бұл баламен жібермейтін секілдімін. Өйткені, Серікпен менде контракт болған жоқ. Бұл баламен контракт бар. Бес жылға жасалған. Сол келісімшарт бойынша бес жыл қызмет еткеннен кейін, ары қарай жалғастыра ма, жалғыстырмай ма ол өз еркінде.
Саят Баян – Рахметовтың жаңа жобасы. Жиырма жастағы жігіт Павлодар өңірінің тумасы. Аталмыш шаһардағы саз колледжінде «хор дирижері» мамандығын тәмамдаған. Кастингке келген 50-ге жуық үміткер арасынан, продюсерді осы бозбала талантымен тәнті қылыпты.
Алтынбек Рахметов, продюсер:
-Ән айту қабілеті кішкене биігірек болған секілді болды. Өйткені, кастингте бір әнді айтып, қабылдай салу емес. Ол жерде 7-8 бағыттағы әндерді айтқыздым.
-Өмір өте қатты өзгерді. Осылай боларын да күткен жоқпын. Басында Павлодардағы кастингте, Алтынбек аға алғанына сенбедім. Көптеген балалардың ішінде, мені таңдады дегенде қуанып қалдым.
Бүгінде Алтынбек пен шәкірті бар уақытын шығармашылыққа арнауда. Дәл қазір Саяттың әр күні вокал және хореграфия залында өтеді. Алтынбек әзірге жас жігіттің ән әлеміндегі бағытын байыптау үстінде. Дегенмен, өнерпазды экс-жобаларынан бір табан алда болатынын ашық айтты.
Алтынбек Рахметов, продюсер:
-Профессионалдық тұрғыдан, Серіктен бір деңгей мүмкін биігірек және музыкалық жағынан және кәсіби тұрғыдан өзгеше болады деген ойдамын.
Отандық шоу-бизнеске алғашқы қадамын жасаған Саят Баянның үлкен сахнадағы тұсауы, наурыз мерекесінің қарсаңында кесіледі.