Үлкен экрандарға жол тартқан туындылар өз бағасын алуда. Отандық көрермендер өткен уик-эндтің үздік картинасын анықтады. Көш басында – «Капитан Марвел»! Миллиондарын жинаған фантастикалық лента, әлемдік кинопрокатта да рекорд орнатқан.
«Marvel» студиясының қаһарман әйел кейіпкерге арналған тұңғыш туындысы, 309 млн теңге кассалық табысқа кенелді. Аталмыш картинаның режиссерлық тізгіні алғашында, 20 млн АҚШ доллларлық қаламақымен Анджелина Джолиге ұсынылған екен. Танымал актриса бұл жобадан бас тартып, Кэрол Дэнверс есімді ұшқыш қыздың хикаясын ақырында, Анна Боден мен Райан Флек сынды мамандар таспалады.
Екінші сатыда - «Айдаһарды қолға үйрету» анимациялық туындының кезекті бөлімі тұр. Мультфильм өткен аптада 65 млн теңгеге жуық кіріс көрген. Фэнтези – балақай Иккинг пен оның жан серігі айдаһар жайлы. Кішкентайынан бұл жануарды баптап өсірген бозбала енді, оның отанына аттанады. Қос кейіпкерді сапар барысында түрлі шытырман оқиғалар күтіп тұр.
Үздік үштікті тағы бір анимациялық туынды – «Патшалық корги» түйіндеп отыр. Көрермен көңілінен шыққан мультфильм, айналымдағы алғашқы аптада, қоржынын 38 млн-нан аса қаржымен толықтырды. Бельгия елі таспалаған анимция – тек лауазымды тұлғаларға арналған ит тұқымының кішкентай өкілі жайлы. Патша әулетінің күшігіне, енді байлықпен қош айтысып, қарапайым жануардың күйін кешуге тура келеді.