«Қайраттан қалыспаймын!» «Ұлы дала баласы», Нұртастың ұлының ұстанымын айна-қатесіз қайталауға көшкен секілді. Өнердегі ағасы келіншегін көпшілікке көрсетсе, Төреш те жұбайын жұрт назарына шығарған еді. Айдарбеков сахналық костюмдерін халыққа таратса, енді Төреғали де тыңдарманына киімдерін үлестіріп әлек.
Өңірлерге жасаған ән сапарының бірінде жомарттық танытқан Төреғали, су жаңа костюмін көрерменіне тарту еткен. Соңғы кездері Ернар Айдардың да концерттерінде дәл осындай көріністерге көпшілік куә болып жүр.
Отандық шоу-бизнесте – фанаттарын аяқ-астынан тосын-сыймен қуантудың түп төркіні қайдан шыққан дейсіз ғой? Бұл ерекше трендті қалыптастырған – Қайрат Нұртас.
Иә, хитменнің жанкүйерлеріне сыйлаған сахналық костюмдері жиырмаға жуықтап қалған шығар...
Қайрат Нұртас, әнші:
-Ең бірінші мен мүгедек баладан бастадым. Оның қуанғанын көрсең енді. Орнынан тұрмайтын бала тұрып кеткен кезде, мен өзім көзіме жас алдым да.
Сол сәттен бастап, Нұртастың ұлы осындай әдістермен халықты қуантуға бекінеді. Тіпті кейде өзіне дөрекілік танытқан жас өскіндерге де киімін шешіп беруге әзір.
Қайрат Нұртас, әнші:
-Маған кей кезде дұрыс сөйлемейтін, «Ей, Қайрат» дейтін кішкентай балаларды шақырып аламын да, сен маған аға деуің керек деп ұрсып, сахнаның үстінде костюм саған деген кезде, құшақтап жібереді. Міне, оның бәрі тәрбие!
Қайраттың халыққа «костюм лақтыру дәстүрі» арнайы жоспарланбайды. Әншінің арқасы қозған сәтте, су жаңа киімін бірден тыңдармандарына табыстауға ынтығып тұрады.
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
-Қайрат, біз енді ғана тігіп бітірдік қой. Сен ең болмаса осы айналымда костюмді киіп шығып, одан берсеңші дейміз. Ол: «Мен бір затымды бермесем, рахаттана алмаймын», - дейді. Ол ана жерде бір адамға көзі түсті ма, костюм болмаса сағатын шешіп беріп кетуі мүмкін.
«КН» командасы костюмдердің нақты бағасын сыр қылып сақтағанымен, АҚШ-тың бірнеше мың құнды қағазын құрайтынын жоққа шығармайды.