Бас продюсерім - анам!

Сообщить о проблеме с эфиром

Отандық жұлдыздар өздерін өнер жолына жетелеген аналарына – алғыс айтуда! Тіпті, кейбір танымалдар өзінің «продюсерінің міндетін» де сол кісілерге ысырып қойған көрінеді. Неліктен? Әлде, әншілер шоу-бизнестен пайда табатын бөтен белсенділерге сенбейтін болған ба?

Кезінде Баян Мақсатқызының қол астында қызмет еткен Сара Амангелді бұдан-былай продюсерлермен жұмыс істеуге құлықсыз! Себебі, шығармашылығыма жаны ашитын жалғыз жан – өзімнің анам екен дейді ол.

Сара Амангелді, әнші:

-Өзімнің продюсерім – анам. Өйткені, менің ойымша әр ана өзінің баласы десе, шырылдап барлығын жасайды. Ол кісі өзі мені біледі, сезеді, бастан-аяқ. Сондықтан, ол маған берген жұмыстары, мақсаттары, бәрін жасаймын. Ол кісі біледі маған не бере алатынын, не ұнамайтынын.

Мансабын жүргізуді ет жақынына сеніп тапсырған өнерпаздың тағы бірі – q-pop орындушы C.C.TAY.

C.C.TAY, әнші:

-Менің продюсерім – менің анам. Мені қолдайды, жаны ашиды әрқашан қасымда.

Әсем ән салу мәнерімен Қазақстанды әлемге танытып жүрген Данелия Төлешова үшін де, жетістікке жету жолында – анасының үлесі зор. Тіпті, қаршадай әнші қыздың әр айтар сөзі мен басқан қадамына – шешесі үлгі екен.

Данелия Төлешова, әнші:

- Анам менің ақылшым. Сондықтан, нені қалай істеу керектігін әрдайым айтып отырады. Тіпті, жанкүйерлеріммен, достарыммен, журналистермен қалай сөйлесу керек дегендей.

Ақерке Бүркітбайдың «Асыл» сынды қазақы топта өнер көрсетуді қалауы – балалық шақта анасынан алған тәрбиесінің әсері екен. Салт-дәстүрді бойына сіңіріп өскен ол, өзге форматтағы ұжымдардан орын таппас едім дейді.

Ақерке Бүркітбай, «Асыл» тобының әншісі:

-Менің барлық сахналық костюмім, менің түр келбетім, шашымның өрімі шолпысы тағылатын, сахналық костюмдерім барлығын, дайындап беретін – менің анам болатын әрине. Сол жағынан мен анама үлкен алғысымды айтамын!