Дизайнер Стелла Маккартни болса, танымал тұлғаларды қоршаған ортаны қорғауға шақырды! Парижде топтамасын таныстырған сәнгер, тағы да табиғат тақырыбына тоқтала кетті. Ең қызығы, шебер су жаңа үлгілерін ескі киімдерден қайта тігіп шығарған.
Стелла Маккартни жаңа көрсетілімі арқылы – идеясын жүректерге жеткізуге барынша тырысқан! «Табиғат жанашыры» атанған дизайнердің үндеуін, мінбердің едені мен модельдердің бетіндегі жазуларға дейін айғақтап тұрды.
Топтамадағы үлгілердің барлығы тек жасанды тері мен былғарыдан тішілген. Тіпті, киімдердің кейбірін шебер ескі дүниелерден қайта өңдеп шығарған. Мәселен, көріп отырған көйлегіңіз осыдан бірнеше ай бұрын жеңіл жейде болған десе, ешкім сенбес еді.
Стелла Маккартни, дизайнер:
-Мейлі ол өліп қалған аңның терісінен жасалған күдері болсын, мейлі балықтың сүйегінен жасалған желім болсын, барлығынан бас тартқан жөн. Бәрін де басқа шикізатпен алмастырып үйренуіміз керек.
Тың бастама көтерген дизайнерді қолдауға келгендердің қарасы мол болды. Тина Кунаки мен Карли Клосс Стелланың үндеуін бірден қабыл алғандай. Алайда, Маккартни ханым үшін кештің ең қадірлі қонағы сөзсіз Опра Уинфри еді.
Стелла Маккартни, дизайнер:
-Опра мен үшін сондай маңызды тұлға болғаны соншалық, ол кісінің атын атауға да дәтім бармайды. Кезінде осы шоуыма шақырған едім. Кейіннен, бірнеше күн бұрын көрсетілімге келетінін естіп, қатты таңқалдым.