Шағын ғана ортада жанды дауыста шырқайтын Молданазар, ауқымды аудиторияның алдында фонограмамен ән салатын әріптестеріне, қатаң талап қою керектігін айтады. Ғалымжанның сөзінше, лайв-концертке лайықты әзірлігі болмаса, әншінің сахнаға шықпағаны жөн.
«Молданазар» - отандық эстрададағы ұстанымын жанды дауыс және сапалы музыкамен ұштастырған ұжым. Сондықтан болар, Ғалымжанның фонограммаға құштар әріптестеріне жаны қас. Алматының қақ төрінде кезекті жеке концертін өткізген өнерпаз, тыңдармандардың алдында адал тер төгілсе дейді.
Ғалымжан Молданазар, әнші:
-Менің жалпы түсінігім бойынша егер сен әнші болсаң, сен әнді орындауың керек тірідей. Ал егер тірідей орындамасаң, сахнаға шығып керегі жоқ деп ойлаймын.
Өз елінде аздаған аудиторияда ән салатын өнерпаздар, өткен жылы жарты әлемді шарлаған еді. Синти-поп жанрындағы отандық топ, шет елдік тыңдармандардың қызығушылығын оятса керек. Ғалымжан бастаған команда, биыл да жаһандық турнені жоспарлап отыр.
Ғалымжан Молданазар, әнші:
-Тағы да АҚШ-та және Еуропада... Қазір ұсыныстар бар. Биылға тағы шет елдердегі турнеге. Әзірге нақты уақыты мен нақты келісім жоқ.
«Молданазар» тобының концерттік бағдарламасына кең тараған хиттер мен су жаңа тректер топтастырылған. Ерекше эмоцияға толы кеш, адал жанкүйерлердің арманын орындаған сияқты.
-Екі жылдан бері Ғалымжан Молданазардың концертіне келе алмай жүр едім. Бүгін арманым орындалғандай болды!
-Ғалымжан Молданазардың концерті өте жақсы өтіп жатыр. Жаңа әндерін де ұсынып жатыр бірінші рет халыққа...
Тыңдарманның ыстық ықылысын арқалаған ұжымның ендігі қадамы – зәулім сарайда лайф-концерт өткізу.
Ғалымжан Молданазар, әнші:
-Құдай қаласа ендігі жылы бізге бес жыл болады. Сол бес жылдыққа жоспарымыз бар. Симфониялық оркестрмен үлкен концерт беру.