Әр басқан қадамы қызу талқыға түсетін Алагөзова туралы, қазіргі қоғамда екіұдай пікір қалыптасқан. Баянды бір тобы жақтайды ал екіншілері даттайды! Сырт көздің сынына еті үйренген атышулы бикеш, бұл жолы жанкүйерлерінің басын қосты!
Баянның әр күні тығыз кестеден тұрады. Бірақ көңілі қаласа, шақырған жерден қалмайды. Бұл бас қосуды ұйымдастырған Алагөзованың өзі. Мақсаты «Тағдыр бекеті» мелодрамасын тамашалауға келген қарапайым қарашамен кездесу, қолтаңбасын қалдырып, естелік суретке түсу...
Баян Алагөзова, продюсер:
-Негізі фанаттардың болғаны жақсы ғой. Бірақ мен жанкүйерлермен кездескенді көп ұната бермеймін. Өйткені, бүгін саған жағымды пікір білдіргенімен, ертең қызанақ лақтырып, жерден алып, жерге салуы да мүмкін. Сондықтан, фан-клуб ашып, олармен жақын қарым-қатынаста болғым келмейді.
Бүгінгі біздің қоғамның бір бөлігі Баянды мақтайды, екінші тарап атышулы продюсердің қылықтарын жақтыра қоймайды. Бұл кешке жиналған жанкүйерлердің де – Алагөзованы көзбе-көз көрудегі мақсаттары сан-түрлі.
-Өзіме ұнайды. Істеген ісі де, айтқан сөзі де, киім үлгісі де... Сондықтан өзіме үлгі тұтамын ол кісіні.
-Жақында құдағи болғалы жатыр екен. Маған да жұғысты болсын деп келдім, құдағи болған.
Баян Алагөзова, продюсер:
-Көп жерде менімен суретке түсуге асығады. Мәселен, мен жалғыз, олар 200-ге жуық адам. Сол кезде физикалық тұрғыда қатты шаршап кетемін. Бірақ сондай жағдайда ренжітпеуге тырысып, «кешіріңіздер» деп, тезірек кетіп қалуға тура келеді.
Алагөзова әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы ауқымды аудиторияға иелік етеді. Баянның әр постын 3 миллион 300 мың адам оқиды екен. Продюсер жазбасына біреулер лүпіл басса, екіншісі кереғар пікір білдіруден тайынбайды.
Баян Алагөзова, продюсер:
-Постқа байланысты. Егер мен халыққа ұнайтын жазба жүктесем, мені мақтай жөнеледі. Ал, оқырмандарға жақпайтын пост салсам, әрине жағымсыз пікірлерді жаудырады. Жалпы біздің халық бір нәрсені талқылауға құмар ғой. Менің аккаунтымдағы ауторияның бүгінгі бет-бейнесі осындай.