Берлин кинофестивалі – тұсауы кесілген туындылардың санына жете алар емес! Сағат сайын киносайыстың қызыл кілемімен, әлемнің әр елінен келген жұлдыздар жүріп өтуде. Осы салтанатты шеруге қатысқан актер Джейми Белл де су жаңа картинасын ұсынды.
«Фантастикалық төрттік», «Кинг-конг», «Телепорт» сынды туындылармен елге етене таныс Джейми Белл, енді көрерменді мүлде басқа бағыттағы фильммен таңқалтпақ. Актер, Берлинге өзі басты рөлді сомдаған «Тері» атты драмалық картинасын ала келген.
Гай Наттивтің режисерлығымен таспаланған лентада, скинхед субмәдениеті өкілінің тура жолға түсуі баяндалады.
Гай Наттив, режиссер:
-Білесіздер ме, дәл осындай ауыр оқиғаны негізге алып, халыққа жеткізу оңай емес. Қазір өмірде адамдардың барлығы, қатыгез болып кеткен. Сол үшін халыққа осындай оқиғаларды, жиі көрсету керек.
Басты рөлді сомдау Джейми Беллға да оңай соқпағаны анық. Туындыда актер үсті-басына сан-алуан сурет салынған қатыгез адам кейпінде.
Джейми Белл, актер:
-Лентадағы кейіпкерімнен – айналасындағылардың барлығы қорқады. Маған да актер ретінде, өзгенің үрейін тудыратындай қорқынышты көріну керек болды. Бұл үлкен тәжірибе.