Қазақстаннан кім UFC-ге бірінші шығады?

Сообщить о проблеме с эфиром

Орынборлық аралас жекпе-жек шебері Дамир Ысмағұловтың келесі қарсыласы анықталды. Ол таяуда UFC тарихында жеңіске жеткен тұңғыш қазақ атанған еді. Ресейлік спортшының ізімен, UFC-ге шығатын тұңғыш қазақстандық файтер кім болмақ?

Ресейде туса да өз ұлтын ұлықтап, көк туымызды ұстап, қазақша әннің сүйемелдеуімен UFC алаңында дебютын жасаған Дамир Ысмағұловқа жанкүйері разы. Ол әлемдегі ең мықты аралас жекпе-жек өкілдері көшіне австралиялық Алекс Горджесті айқын жеңуімен қосылды.

Әйгілі промоушендегі Дамирдің екінші айқасы 26-шы ақпан күні, Чехияның Прага қаласында болмақ. Қарсыласы 16 кездесуінің тек біреуінде жеңілген испандық Хоэль Альварес. Енді Исмағұлов секілді нағыз Қазақстандық файтерлердің, UFC төрінде атой салатын күні қашан тумақ?!

Данияр Қасқарауов «Alash Pride» промоутерлік компаниясының президенті:

– Үлкен бір қолдау болса үкімет тарапынан, бізде мықты тәжірбие бар кезді пайдаланып, талай өкінетінім талантты жігіттердің уақыты өтті. Кезінде олардан ұтылған жігіттер қазір UFC-де жүр. Ұлттық батыр ретінде оларға жағдайларын жасап берген, біздің жігіттер олардан кем емес, еңбегі мен жүрегі де.

Иә, қазіргі ММА өнерінде тер төгіп, ел намысын сәтті қорғап жүрген қазақтың жүректі де білекті жауынгер жігіттері аз емес. Бірақ спортшының шетелге оқу-жаттығу жиындарына бармауы–кәсіби деңгейінің өспей қалуының басты себебі.

Данияр Қасқарауов «Alash Pride» промоутерлік компаниясының президенті:

– Жеткізе алмадық, сосын ауызбіршілікті ұстап қала алмадық. Бізге бәрі де келген, спонсор да келген, спортзал да болаты еді. Бытырап жан-жаққа, сырттан сөйлеу – осының барлығы біз өзіміздің күшімізді жіберіп алдық.

«Бірлік болмай тірлік болмасын» бұл спорт саласының өкілдері енді ұққандай. Таяуда барлығы жаңа құрылған Қазақстан ММА федерациясының туының астына топтасты. Енді бұл өзгерістер көптеген мықты файтерлердің жолын ашуға септік болар деген сенім бар.