Мәдина Сәдуақасованың ұлы анасын үйде көрсе қатты қуанады! Өйткені, жұмысы тығыз кестеден тұратын әншінің, 4 жастағы Әнуармен жиі жүздесуге мүмкіндігі бола бермейді екен. Ал, кәсібін сүйетін өнерлі бикеш бала тәрбиесін ұмыт қалдырған жоқ па?
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
-«Мама? Чемоданды көреді. Кетіп бара жатырсыз ғой? Болды! Екі күн? Әлде бір күн?» - деп, өзі көрсетеді. Сосын «бір күн» деймін. «Болды! Мама тез келеді екен ғой» - дейді, сосын.
Қанша түсінуге тырысқанымен, бала жүрегі жұлдызды анасының әрдайым жанында болғанын қалайды.
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
-Бір кезеңде тыныш болып қалады. Мен тура сол уақытты пайдаланып отбасыма көңіл бөлемін.
Мәдинаның құрбысы Зарина да қолы қалт етсе, бар уақытын балаларына арнайды. Он жыл бойы декреттік демалыста отырған Омарова өнерге оралғанда, оның жұмыс кестесіне отбасы бірден үйренісе алмай, абдырап қалған.
Зарина Омарова, әнші:
-Қазіргі уақытта менің жолдасым айтып отырады. Біз осылай болады деп ойлаған жоқпыз ғой. Сен байқаймын тез шығып кеттің, тез жарқ ете қалдың...Кішкене балаларым үйрене алмай жүр. Мама қайда кетті? 10 жыл бойы мамамыз қасымызда отыратын еді, қазір енді концерттен концерт.
Айтпақшы, мұндай күйді Жұлдыздың ұлы Санжар да басынан өткеріп үлгерген. Табыс пен мансап деп шапқылаған жаса ананың, кейде кішкентайының жағдайына қарауға мұршасы болмайды.
Жұлдыз Өмірғали, әнші, актриса:
-Бір күні сериалдың түсірілім алаңына апардым. Бірақ өзіме ұнамады. Себебі балам мазасызданып кетті. Әркімнің қолында жүріп шаршады. Сондықтан ондай қайталанбайды деп шештім өзім.
Өмірғалидың шығармашылығын уақытша бір шетке ысырар сәті қыр астында секілді. Инсайдерлер Жұлдыздың екінші мәрте жүкті екенін жарыса жазып жатыр.