Ақбота, жаңа продюсерін таныстырды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Жақында екінші мәрте ана атанған Ақбота-Нұр, жаңа продюсерін дүйім жұртқа ресми түрде таныстырды. Бұдан былай әнші бикештің өнердегі жетекшісі – өзінің жары Дәурен Айдарқұлов болмақ. Сейітмағамбет бұл ақпаратты перзентханадан шыққан күні мәлімдеді.

Айдарқұлова Аиша Дәуренқызы! Кішкентай кестетігер – атышулы жұптың ортақ некесінен туған екінші бөбек. Жас ана мен сәбидің денсаулығы көңіл қуантарлықтай. Ал, Сейітмағамбет қызын қырқынан шығарған күні, декреттік демалысын тәмамдамақ. Өйткені, шығармашылық шаруалар шаш-етектен. Әнші бикеш доңыз жылын жаңа продюсерімен жұмыс істеуден бастамақ.

Ақбота Сейітмағамбет, әнші, актриса:

-Дәурен енді маған продюсер болайын деп жатыр. Көктем мезгілінен бастап, наурыз айынан бастап Алла қаласа жұмысқа шығайын деп жатырмыз. Өзіміздің жеке киномыз шығады. Сонымен қатар, түрлі дуэттер жазылып жатыр бұйырса.

Иә, 2019-да продюсер атанған Айдарқұлов, енді Дәурен мен Ақбота ретінде ән әлеміндегі жұлдызды дуэттердің де қатарын толықтырмақ. Алғашқыда актерлық қырымен танылған отағасы, енді тыңдарманды вокалдық қабілетімен тәнті қылуды аттай қалап жүрсе керек.

Дәурен Айдарқұлов, актер:

-Енді ол қаншалықты жақсы екенін халық өзі айтар. Бұл енді біздің алғашқы қадамымыз музыка әлемінде. Осы көктемнен бастап бастамақшымыз.

Айдарқұлов пен Сейітмағамбеттің атағы жер жарса да, перзентханадан шығару рәсімінде атышулы жұптың шоу-бизнестегі әріптестері бой көрсетпеді.

Ақбота Сейітмағамбет, әнші, актриса:

-Баян Мақсатқызы жазды. Инстаграм желісінде құттықтады. Жұлдыз да құттықтады. Ал Бидашка жарты сағат бұрын хабарласып, жақында үйге келетінін өзі хабарлады.

Қаңтарда туған кішкентай ханшайымның салмағы 3 келіден асса, бойы 52 сантиметр.