Ел абыройы үшін бәске түскен қазақтың ұл-қыздары бүгінде де жетерлік. Биылғы жылы халықаралық ареналарда атой салған үздік спортшыларымызды тізімдеп көрсек. Мысалы, Батыр Жүкембаев өз салмақ дәрежесі бойынша - әлемдегі мықты 30 боксшының қатарына кірді.
Батыр Жүкембаев үшін 2018 жыл жемісті болды. 777 лақап атымен белгілі боксшымыз, мамыр айында аргентиналық Джонатан Хосе Энисті тізе бүктіріп, WBC тұжырымы бойынша Американың құрлықтық чемпионы атанды. Қазан айында сол белбеуін сәтті қорғаған Жүкембаев, енді АҚШ-тың кәсіпқой бокс нарығына үлкен жекпе-жектер үшін жорыққа аттанбақ.
Аралас жекпе-жек өнері бойынша Жалғас Жұмағұлов сөзсіз үздік. Ол осы жылдың тамыз айында Тагир Уланбековты Астана төрінде төрешілер шешімімен ұтып, Файт Найт тұжырымының чемпионы атанды. Және М1 Глобалдың чемпиондық белбеуін, 2018 жылы екі мәрте қорғаған Дамир Ысмағұлов, UFC тұжырымына өтіп – әйгілі промоушенде жеңіске жеткен тұңғыш қазақ атанды.
«Астана» футбол клубы биыл Қазақстан Премьер лигасын бесінші мәрте қатарынан ұтып, өзінің тарихи жетістігін тағы бір мәрте жаңғыртты. Елордалық команда төртінші маусым қатарынан еурокубокті ойындардың плей-офф кезеңінен қалған емес.
Азия чемпионатын ұтып, әлем біріншілігінің финалисті атанған Нұрислам Санаев ең үздік еркін күрес шебері атағына лайық, азиада алтынын таққан дзюдошы Дидар Хамза да мықтылар сапында, қазақша күрестен тарихи жетістік орнатып, қазақ балуандары арасынан тұңғыш «әлем барысы» атағын жеңіп алған Айбек Нұғымаров та осы тізімге лайықты. Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы олимпидада алтын жүлде еншілеген Айбек Оралбайды 2018 жылдың жарқ еткен жаңа есімі деп атауға толық болады.