Қайраттың жұбайы Жұлдыз болса, өзін отағасының алдында жайсыз сезініп жүр. Бикеш телевизияға қадам басқалы – жарына көңіл бөлуді сиреткен. Әбдікәрімованың өміріндегі бұл өзгерісті Нұртастың ұлы қалай қабылдады екен?
Жұлдыз Әбдікәрімова, Қ. Нұртастың жұбайы, актриса:
-Бұрындары Қайратты кез-келген уақытта келгенде мен қарсы алып отырамын, есікті мен ашып отырамын. Енді қазір таңертең, кешке, түнде келсе күтіп аламын. 14.00-ден 17.00-ге дейін жұмыстамын. Сол кезде келіп қалса, күтіп ала алмай қалғанда, сондай бір сәт болып қалады. Мен жоқ болып қаламын. Сондай кезде қалжыңдап, тиісіп отырады.
Иә, Қайраттың қалжыңының астары бар. Бұрындары жұбайымен тек үйінде жүздесетін әнші, қазір сырт көздердің сұқтануынан қызғанады.
Қайрат Нұртас, әнші:
-Қызғаныш болады ғой енді еркек болған соң. Бірақ, қызғанғанмен не пайда үйде отырғызып жылатып қойсаң? Одан да жұмысын істесін, көрсін, білсін.
2007-де Айдарбековтер әулетінің ақ босағасын аттаған Жұлдыз 10 жылға жуық жұрт назарынан тыс жүрді. Бастапқыда дәл осы «Арман» картинасы арқылы халыққа танылған келіншектің, қазір тележүргізушілік қыры да көпшілікке таныс.
Қайрат Нұртас, әнші:
-Жұлдыздың да 10 жыл болды үйде жатқанына. Үйде отыра бермей, адамдармен араласу керек, сырласу керек демекші. Бірақ дұрысынан, оңынан. Мен өзімді Жұлдызды білемін қандай адам екенін. Ол өз-өзін әрқашанда дұрыс ұстайды.
Ал, ерінің сенімін ақтаған Әбдікәрімова, әрдайым Қайраттың қас-қабағын бағумен алаң. Танымал бикеш жұмыстан қолы қалт етсе отбасына қарай асығады.
Жұлдыз Әбдікәрімова, Қ. Нұртастың жұбайы, актриса:
-Жұмыстан тез-тез киімімді ауыстырып, тез үйге қарай жетуге тырысамын мен.