Атағы үшін Әлішер Кәрімов сынға ілікті

Сообщить о проблеме с эфиром

Әлішер Кәрімовке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген төсбелгі тағылды. Алайда, әншінің алған атағы желідегілерге жақпай қалса керек, оқырмандары дәл осы посттың астына жағымсыз пікірлерін жарыса жазып жатыр.

Жаңа марапаттың құрметіне ет-жақындары мен әріптестеріне ақ дастархан жайған Әлішер Кәрімов, тың шығармашылық шабыт сыйлаған төсбелгіні ұзақ жылдар бойы күткенін жасырмады.

Әлішер Кәрімов, әнші:

-Өте көп жылдар бойы осы хабарды күткенмін. Көп емес енді бес жыл шығар. Қашан береді екен деп. Өйткені, менен де жас әріптестерім алып жатыр.

Бірақ ғаламторда Кәрімовтің қуанышына ортақ оқырмандардан гөрі, лайықсыз деп танығандардың қарасы көп секілді.

-Ондай атақ алатындай не тындырды? Лайықты емес!

-Не деген оңай беріле беретін атақ? Қадірі кеткен қайран атақ!

Әлішер Кәрімов, әнші:

-Шынымды айтайын комментарийлерді оқуға уақытым жоқ. Ертеңнен бастап ақырындап, оқимын, жауап беремін.

Ал, сын садағына іліккен Әлішерді әріптестері ақтап әлек.

Жеңіс Ысқақова, әнші:

-Лайық емес деп жатқан кісілер, кішкене осы баланың шығармашылығына үңілсе екен, қараса екен. Өмірбаянын бір рет қарап шықса екен деймін.

Бұл кеште Әлішерге ақ тілегін арнай келген Жанна Орынбасароваға да, төсбелгі бұйырыпты.

Жанна Орынбасарова, әнші:

-«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ берілді. Ол да мен үшін үлкен қуаныш. Әр әртіс үшін, халыққа қызмет етіп сахнада жүрген, мәдениетті көтеріп жүрген адам үшін үлкен дәрежелі сондай марапат.

«Мемлекеттік марапатты» еншілеген танымалдар тізімінде: Мөлдір Әуелбекова, әнші Әміре және Еркебұлан Дайыров, Санжар Мәди, Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин сынды танымалдар бар.