Тек комедия жанрына жаны құмар Әсел Сәдуақасова болса, кезекті картинасының түсіріліміне қызу кірісіп кетті. «Семьянин» атты лента таспалауды қолға алған продюсер, отбасылық тақырыптағы туындылардан неге бас тарта алмай жүр?
Әсел Сәдуақасова өзі продюсерлық еткен 8-ші фильмін жас маманға сеніп тапсырыпты. Фархад Күлбаев есімді – 24 жастағы режиссер, фильмнің сценарийін де толықтай өзі жазып шыққан. Кезіндегі КВН-ның түлегі, тұңғыш толықметрлі туындысына егде тартқан жандардың мәселесін негіз етіп алыпты.
Фархад Күлбаев, режиссёр:
-Үлкендердің проблемалары өте жақын маған. Өйткені мен өзім анама қарап, әкеме қарап шамалы таныспын да сонымен. Бұл фильм қазақтың халқы туралы, қарапайым жігіт 45 жастағы өз отбасымен өмір сүріп ақша іздеп, таксист болып жұмыс істейді. Бірнеше кредиттері бар өзінің.
Дәл осы қарапайым жүргізушінің рөлін сомдау – Әбунасыр Серіковқа бұйырған. Өз ісінің шебері атанған актер, бұл жолы отбасылық қиындықтарды басынан кешпек. Драма мен комедия үйлесім тапқан лентада, қарызға белшесінен батқан кейіпкердің образына ену, қиынға соқты дейді ол.
Әбунасыр Серіков, актер:
-Кредит деген мен алмадым. Себебі, айтады ғой мақал бар ғой, өзінің ошибканды емес, біреудің ошибкасынан үйрен дейді ғой. Көрдім қанша халық қиналып жүр. Бәрі бірден бола салса екен дейді, ол асықпай өзінің еңбегімен, өз уақытымен. Үй салсаң да машина алсаң да.
Әбунасырдың жұбайын ойнайтын – Әселдің өзі. Енді 40 жастағы әйел кейпінде көрінетін Сәдуақасова, кезекті жобасынның комедия жанрында болғанына еш өкінбейді. Продюсердың айтуынша, отбасылық фильмдер бүгінде сұраныста. Ел кино нарығында төрт жылдай тер төккен ару, үйренерім әлі де көп дейді.
Әсел Сәдуақасова, актриса, продюсер:
-Қазір мен бұл жанрды ұнатамын. Тіпті өзім комедияда жүргеніме қуанамын. Шын мәнісінде көрерменді күлдіре білу қиын. Қазіргі таңда білесіздер, көптеген комедиялар бірінен соң бірі жарық көріп жатыр. Ең бастысы сапалы дүние шығара алсаң ғана, халық сені мойындайды.
Әселдің су жаңа туындысына, 2019 жылдың көктемінен бастап көзі қарақты көрермен өз бағасын бере алмақ!