Голливудтың жұлдызды жұбы – Брэдли Купер мен Ирина Шейк, үнемі үлгілі отбасылардың санатында еді. Бірақ бір шикіліктің шеті шыққандай. Танымал актер мен сәнбике табынушылары үшін мінсіз жанұя көрінгенімен, екеуі екі бөлек тұратын болып шықты.
Брэдли мен Иринаның – Леа есімді ортақ қыздары бар. Жұлдызды жұп кішкентай ханшайыммен әркез бірге көңілді уақыт өткізуге тырысады. Айналасына өздерін үлгілі отбасы етіп көрсету – танымалдардың ұстанған тактикасы болса керек. Инсайдерлердің сөзінше, бір ауданда екі түрлі үйде тұратын актер мен сәнбикенің мақсаты – БАҚ өкілдерінен жеке өмірін барынша құпияда сақтау. Рэп орындаушы Карди Би болса, күйеуі Оффсетпен қарым-қатынасын заңды түрде үзді. Бір апта бұрын ажырасуға бел буған жұп, 2016 жылдан бері тату-тәтті өмір сүріп келген еді. Бүгінде 6 айлық қыздары бар өнерпаздардың мұндай шешім жасауына – өзара түсініспеушілік себеп болған.
Леонардо ДиКаприо киномансабындағы тапқан табысын, қоршаған ортаны қорғауға жұмсауды әдетке айналдырғандай. Танымал актердың әсіресе жан-жануарларға жаны құмар. «Жойылып бара жатқан аңдарды сақтап қалу міндетіміз» дейтін Лео, қалтасын жұқартудан да тайынбайды. Тіпті сері 2,5 млн долларға, диназаврдың сүйектерін сатып алған көрінеді.