Ең дәулетті музыканттар тізімі!

Сообщить о проблеме с эфиром

Жүз жылдық тарихы бар Форбс журналы болса, әзірге жұрттың табысын санаудан жалығатын емес. Беделді басылым 2018 жылдың ең бай музыканттарын анықтады. Ең қызығы, бұл тізімнен BTS, Дрейк, Карди Би, Ники Минаж сынды хит орындаушылар табылмады.

Тыңдалымы жағынан рекорд орнатқан жұлдыздарды, ирландық U2 рок-ұжымы шаң қаптырған көрінеді. 1976 жылы негізі қаланған танымал топ, 12 айдың ішінде 118 млн АҚШ доллары көлемінде қаржыға кенелген. Жігіттер бұл байлыққа Joshua Tree турнесі арқылы қол жеткізді деп тұжырымдайды Форбс. Одан бөлек, музыканттардың 14-ші Songs Of Experience альбомы да қалтаны қалыңдатуға өз септігін тигізген көрінеді.

U2 -дың ізін ала, табыстылар тізімінің екінші орнына британдық – Coldplay тобы жайғасты. Әйгілі ұжым бір жылдың ішінде қазынасын АҚШ-тың 115 млн көк қағазымен толтырған. Олардың табыс көзі – түрлі шараларда өнер көрсетуі. Еске салсақ, өнер иелері жеткен жетістіктері туралы Coldplay: A Head Full of Dreams атты деректі лента таспалаған еді.

Үздік үштікті Эд Ширан тұйықтайды. Британдық жұлдыздың жылдық кірісі – 110 млн долларды құрайды. Еске салсақ, поп-музыкант – тек Forbes басылымы ғана емес, әйгілі Billboard чартының пайымымен де ең табысты атанған еді. Өнерпаз тек әнсапардан ғана емес, сондай-ақ эфирде шырқалған әрбір туындысы үшін ақша алуда.