Оcыдан тура 6 жыл бұрын Головкинді күллі әлем тұрмақ Еуропаның тең жартысы танымайтын. Генаны АҚШ нарығына әкеліп, жұлдызын жаққан НВО телеарнасы еді. Осылайша 45 жыл кәсіпқой бокстың жаһандағы жаршысы болған компания, бұл саладан мүлде кетті.
Серік Ноянбайұлы баяндайды.
2012 жылдың 1-қыркүйегінде Головкин НВО телеарнасындағы дебютты айқасында шықты. Оған польшалық Гжегож Прокса қарсы тұрған еді. Отандасымыз азулы қарсыласын 5-шу раунда нокаутпен тізе бүктірді. Бұл жеңісі GGG үшін АҚШ-тың бокс нарығына жол ашып, әлемдік деңгейдегі спортшыға айналуына септігін тигізген еді.
Головкин НВО аясында 17 жек-жек өткізіп, талантты боксшыдан жаһандық ринг жұлдызына айналды. Бірнеше чемпиондық белбеуді жаулап алды және дәл осы телеарнада жұдырықтасып жүріп миллиондаған доллар қаламақы да тапты. 45 жыл бойы атақты боксшылар айқасқан түрлі шоуды көрерменге тарту еткен НВО, осылайша спорттан кетті. Бұған себеп бюджеттің қысқаруы және нарықта Showtime, ESPN, Fox телеарналары мен DAZN секілді стримингтік сервисі бар бәсекелестерінің пайда болуы екен.
НВО-ның бокс нарығынан кетуіне орай, телеарна тарихындағы ең үздік 45 жекпе-жек топтастырылған еді. Бұл тізімге қазақстандық Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің алғашқы айқасы және Василий Жиров пен Джеймс Тонидың 2003 жылғы рингтегі кездесуі кірген. Енді GGG командасы 2019 жылы өзге телеарнаның бірімен келісімшартқа отыруы тиіс.