«Тамаша» 40 жаста! Әзіл театрларының атасы атанған ойын-сауық отауының мерейтойында жұрттың жанарына жас толып, ел ерекше ностальгияға бөленді. Десек те, қаншама таланттардың жұлдызын жаққан жобада, әйгілі әртістердің басын бір сахнада қосу оңайға соқпапты.
Нұржан Тутов, актер, режиссер:
-Өте қиын болды, өте ауыр болды. Көптеген «Тамашаның» сахнасынан шыққан әншілердің барлығына хабарластым. Көп әншілер келе алмады. Себептері бар...
Мерейтойды ұйымдастыру жұмысы «Тамашаның» қазіргі көркемдік жетекшісі – Нұржан Тұтовқа жүктелген. Бұл кешке ойын-сауық отауынан түлеп ұшқан танымалдар түгелдей дерлік жиналмаса да, ат терлетіп келген әртістер сахна сыртында ерекше ностальгияға бөленіп, өткен-кеткенді еске алысты.
Жанатбек Бәйтеков, актер:
-Расында арқа-жарқа болып жатырмыз. Өйткені, біз бір-бірімізді осы бір қалада тұрып, бір Қазақстанда емес, бір Алматы қаласында тұрып көрмейтін кезіміз болады.
Гүлбаушан Тілеубекова, актриса:
-Қазір бір шетінен жүрегіміз лүпілдеп тұр. Жылағым да келіп тұр. Бірақ, мына краска құрғыр кетіп қалады дейміз де, сондықтан өз-өзімізді ұстап тұрмыз шынында да. Бірақ әрине «Тамашаның» орыны бөлек. Ол кезде бір ғана «Тамаша» болатын.
Қаршадайынан қара шаңырақта қызмет еткен Данагүл Темірсұлтанова, «Тамашаның» туған күнін – ауқымды аудиторияның алдында тойлағысы келген.
Данагүл Темірсұлтанова, актриса:
-Менің ойымша 40 жылдықты ат шаптыратындай қылып жасаса артық болмас еді. Мысалға қанша айтқанмен де 40 жылдығы. Енді қазір заманға байланысты шығар бәрі. Осылай өтіп жатыр. Құдайға шүкір көрерменнің ілтипаты, ықыласы әрқашанда жақсы.
Аты аңызға айналған әзіл жобасы – қазақ өнеріндегі талай әншілердің сахнада тұсауын кесіп, дүйім жұртқа танытқан еді.
Айжан Нұрмағамбетова, әнші:
-1978-жылы ең бірінші «Тамаша» болғанда сол ең біріншісінде мен болғанмын. Мен де 40 жыл сахнада жүрмін, «Тамашаға да» биыл 40 жыл болады