«Меломен» мен топтың экс-мүшесі Жігер болса, араздасқандарын алғаш рет мойындады. Аталмыш ұжымның есеп беру кешінде ақиқатты айтқан Ауыпбаевтың сөзін, бұл жолы бойзбенд жігіттері де жоққа шығарған жоқ. Ал, кінә кімнен? Серікқазы Аязбаев айтады.
«Меломен» тобы он жылға жуық еңбектің есебі деп, ел алдында концерт берді. Бойзбендтің бұрынғы мүшесі Жігер – кештің басты қонағы! Ал, Ауыпбаевтың былтыр ұжымдағы жұмысын тоқтатуына – сахнадағы серіктеріне деген реніші себеп болған.
Жігер Ауыпбаев, «Melo’Men» тобының экс-әншісі:
-Балалардың біраз сұхбаттарын тыңдап қалдым. Ол топтан өздігімен кетті. Біз оны ешқайда жіберген жоқпыз деген сынды пікірлер айтқан екен. Бірақ мен топтан ренжіп кеткенімді өзім білемін...
Иә, бұл Жігердің шындығы. Ал, «Меломендік» жігіттердің жауабы қандай болмақ?
«Melo’Men» тобы:
-Қызбалық болады, адамда эмоция болады. Өкпе болады, реніш болады пенде болғаннан кейін. Әрине, кемшіліксіз адам болмайды. Біз жақтан да болды, ол жақтан да болды деген сияқты. Бір жақ еш уақытта кінәлі болмайды. Сондықтан да айтқандай, «бірге тумақ болса да, бірге тұрмақ, бірге өлмек жоқ» дейді қазақта.
Бірақ тыңдарманы жігіттердің қайта табысқанын аттай қалап жүр. Ал ұжымдық шығармашылықта тәжірибесі таудай өнердегі ағалары - «Меломенді» бір төбе, Жігерді бір төбе көреді.
Сәкен Майғазиев, «МузАрт» тобының әншісі:
-Жігер өзінің орнымен кете бергені дұрыс сияқты. Үшеуі де бір-бірін жақсы түсінеді. Ең бастысы бойларымен келеді, тұлғаларымен өте жарасымды. Гамония бар деп есептегендіктен, үшеуінің қала бергенін өз басым қалаймын.
Медеу Арынбаев, әнші:
-Жігер қайта қосыла алмайтын шығар. Өйткен мен өз басымнан білемін. Өнер деген солай. Өз жеке жолын іздеп, тапқан сияқты қазір. Мен жігіттердің үштік болғанына ризамын. Ары қарай өздері жүре берсін.