Айқын мен Жұлдыздың жыры әлі де жалғасуда. Бұл жолы желідегілердің ашуын тудырған атышулы жұптың өзі. Екінші әйеліне ән арнап, тіпті жаңа видео түсірген Төлепбергенді ғаламтор қолданушылары жерден алып, жерге салуда...
Айқын Төлепберген, әнші:
-Өзім әні мен сөзін жазған әнім. Өзі түгелімен идеясын шығарған әнім. Әнді қойып өзінің ғашығын есіне түсіреді. Сосын қоңырау шалып: «Ты моя если что» «ты моя конкретно» деген сияқты... Иә, сүйіктіме арналған.
Иә, сүйіктісіне арналған клипке Айқын актриса іздеп әуре-сарсаңға түспеген. Әншінің қазіргі жары Жұлдыз – жаңа видеоның басты рөліне таңдалыпты. Алайда, желідегі жазылған пікірлерге зер салсақ, тың туынды жұртқа жаға қоймаған секілді.
-Мына клипті көрсе бірінші әйелі қандай күйде болады екен? Ешқандай әйелдің басына бермесін мұндай сатқындықты!
-Жиіркенішті. Осыны муза деп айтпай-ақ қойшы!
Жұлдыз Өмірғали, әнші, актриса:
-Жағымсыз пікірлер жетеді. Олар болады, олар болған. Қарғап жатқандары да бар. Пікірсіз қалмаған адам жоқ шығар Қазақстанда. Қорықпайсың ба, көз жасқа қалу деген бар. Білмеймін бұл өмір. Өмірде әр қалай болады.
Айқын бейнебаянға режиссерлық еткен «Ордалық» Ерболатқа, клиптегі кейіпкердің кім екенін жария қылмауды мықтап тапсырған тәрізді. Уәдені бұзбауға бекінген Беделхан, сұхбат барысында тіс жармады.
Ерболат Беделхан, режиссер:
-Анықтамасын мен айта алмаймын. Себебі менің ойымша бұл құпия ретінде сақталу керек. Егер Айқын өзі айтқысы келсе айтады. Ерекшелігі - Айқынды мұндай қырынан әлі көрген жоқсыздар. Мынау сияқты қырдан.
Ерболат, әріптесінің бұрынғы шығармашылық еңбектерінен бейхабар болса керек. Өйткені, Айқынның 2016-жылы алғашқы жұбайы Әселге де ән арнап, клип түсіргенін ешкім ұмыта қойған жоқ!