Хайди Клум өнерде ғана емес, шынайы өмірде де түрлі образды байқап көретін жұлдыз! Сәнбике өзінің кезекті Хэллоуин патиіне Шректің сүйіктісі – Фионаның кейпінде келіп көпшілікті таңқалтты. Алайда, кештің қонақтары да Хайдиден қалыспауға тырысқан.
Хэллуин - Хайди Клумның сүйікті мерекелерінің бірі. Әйгілі сәнбике сонау 1999 жылдан бастап атамыш мейрамның құрметіне ерекше кеш өткізуді әдетке айналдырған. Ескі дәстүрінен таймастан, жұлдыздарды жанына жинаған ол, бұл жолы да өзгеше образымен көптің талқысына түсті. Фионаға ұқсау үшін, өнерпаздың ұзақ дайындалғанын желідегі видеоларынан аңғаруға болады.
Жасыл түсті кейіпкер Шректің асыл жарына айналған Хайди, ерек салтанатқа дәл анимациялық туындыдағыдай келуді жөн көріпті. Ақ күймені түсе сала, Клумға паппарацци өкілдері маза бермеді.
Хэллуин ханшайымы атанған Хайдидің мерекесіне меймандар да үлкен әзірлікпен келген. Олардың арасында танымал сәнбике Винни Харлоу, Барбара Палвин, Падма Лакшми де бар. Кеш қонақтарының танымастай өзгергені соншалық, олардың көбісін дөп басу қиынға соққан.