Нұртас сынды, режиссер Барри Дженкинс те өнердегі әріптестерін жанына жинаған еді. «Оскар» иегері кезекті картинасын ел назарына ұсынды. Жаңа лентаға күйеуінің заң алдында кінәсыз екенін дәлелдеуге тырысқан әйелдің жанкешті оқиғасы арқау болыпты.
«Айдың нұры» лентасымен Оскардың «Үздік сценарий» аталымын жеңіп алған Барри Дженкинс жаңа картинасын кітап желісімен таспалауды жөн көріпті. «Егер Бил стритке тіл бітсе» Джеймс Болдуиннің романы бойынша таспаланған. Киногер бұл туындыны түсіруді өзінің міндеті санапты.
Барри Дженкинс, режиссер, сценарист:
-Кітап 1974 жылы жарық көрген еді. Туындыда афро-америкалықтарға қатысты сот төрелігінің әділетсіздігі жайлы мәселе қозғалады. Сондай-ақ, сол заманның өзге өзекті тақырыптары қамтылған.
Романтика мен драманы тоғыстырған картинада, 19 жастағы Тиш есімді арудың оқиғасы баяналады. Кейіпкер сүйіктісі Фоннимен отау құрып, бақытты өмір сүріп жатқандай еді. Алайда, серіге өтірік жала жабылып, айыпты деп танылған ол қамауға алынады. Дәл сол сәтте, Тиш күйеуінің ақ екенін дәлелдеу үшін түрлі жанкештілікке бармақ.
Реджина Кинг, актриса:
-Адамдар өз басына күн тумаса, өзгелердің қандай қиындықтарға тап болып жатқанын білмеуі мүмкін. Картина сондай өткір тақырыптардың бірін қозғайды.
Ал, афро-америкалықтардың қамын күйттеген драмалық шығарма қарашаның 30-ы үлкен экрандарға жол тартпақ.