Көрерменге комедия режиссеры ретінде етене таныс Нұртас Адамбай «Лифт» картинасының тұсауын кесті. Алғаш рет психологиялық драма таспалаған ол, лентаның табысты боларына аса сеніңкіремейді. Неліктен? Әлде тың бағытты игеру киногердің қолынан келмеді ме?
Отандық көрерменге таңсықтау жанрда таспаланған картинада «байдың баласы» мен егде тартқан күзетшінің бастан өткерген оқиғасы баяндалады. Сюжет бойынша екеуі ақауы шыққан жеделсатыда қамалып, 3 тәулік бойы тар қапаста қалып қояды. Дүниетанымы мен құндылықтары ұқсамайтын екі кейіпкер. Әрқайсының өз астарланған ақиқаты бар.
Тек қос актердың жеке шеберлігіне негізделген лентада басты рөл – Жандос Айбасов пен Иісбек Әбділмәжіновқа сеніп тапсырылған болатын.
Иісбек Әбілмәжінов, актер:
-Жалпы сценарий жақсы. Ойнайтын нәрсе бар. Өмірден алынған нәрсе ғой, өмірде бар проблемалар. Ол драма болады ма, ол комедия болады ма, әр нәрсенің өз көрермені болады. Өздерінің ұқсас проблемалары болады. Сондықтан, көрермені табылады деп ойлаймын. Енді, кассовый немесе коммерческий болмауы мүмкін.
Лентаның табыстылығына қатысты пікірмен Нұртас Адамбай да келіседі. Комедияның «жілігін шағып, майын ішкен» режиссер, «психологиялық драма қалтамның қамы емес, шығармашылығым үшін таспаланған дүние», - дейді.
Нұртас Адамбай, режиссер, актер:
-Бүгінгі көрсетілімнен кейін аз да болса, көңілім жайланғандай. Себебі, бұрын-соңды түсіріп көрмеген жанрмен жұмыс істеу оңай емес. Не шығарын білмейсің. Алайда, ойлағаным жүзеге асқан сыңайлы.
Киногердің пікірінше, қарапайым халық салмақты туындыны жатырқауы мүмкін. Ал, тың картина ұсынған Адамбайдың жұмысына алғашқы болып өнердегі әріптестері өз бағасын берген еді.
Асқар Бисембин, режиссер:
-Нұртас өте батыл. Дәл осындай күрделі оқиғаға таңдау түсірудің өзі нағыз ерлік. Жалпы, соңғы кездері отандық режиссерлардың деңгейі өсіп келе жатқандай.
Азиз Бишеналиев, актер:
-Меніңше лента өте мықты, сентименталды, айтары мол. Нұртастың бұл картинаны таспалағаны өте дұрыс болды. Мен оны комедияның үздігі ретінде білуші едім, енді ол өзін жаңа қырынан танытты.