Қазақша «Уолт-стрит»! Елімізде тұңғыш рет қаржы тақырыбында таспаланған «Финансист» картинасының тұсауы кесілді. Басты рөлді сомдаған Асылхан Төлепов лентада қоғамның шындығы ашылғанына сенімді. Мәселен, сол ақиқаттың бірі «ағашкалардың көмектесуі».
Отандық кинода жауыр болған комедияны ығыстырып, тыңнан түрен салған «Финансист» драмасы түсірілім ұжымы үшін де дебют саналады. Қаржы тақырыбын көтеру идеясы - Ерболат Байғанинге тиесілі. Алғаш рет бас продюсер атанған ол, ұзақ жылдар бойы дәл осы салада еңбектеніп келеді.
Ерболат Байғанин, бас продюсер:
-Басында картинаның желісін өзім жазып бердім. Фильмнің сюжетіне бизнестегі тәжірибем негіз болды. Өмірде болған жағдайлар. Сондықтан шынайы оқиға негізінде таспаланған.
Шытырманға толы картинаның сюжет желісіне қос брокердің оқиғасы негіз болған. Биржада бағын сынаған Руслан бастапқыда табысқа кенелді. Алайда, мансабы өрлеген шағында, сері көптеген сынақтарға кезігеді. Тіпті, қаржы саласындағы жетістігі үшін достықты, махабатты, жеке өмірін де қатерге тігеді.
Асылхан Төлепов, актер:
-Менің бұған дейінгі фильмдерімде кейіпкерім сәл болса да ұқсайтын. Бұл жерде енді басқа адам. Кинодағы болып жатқан нәрсе бүгінде болып жатқан нәрсе. Біздің қазіргі қоғамда бар нәрсе. Жаңағыдай «ағашкалардың» көмектесуі деген сияқты. Ол жалпы бір адамға байланысты емес, ол бірнеше адамның басында болып жатқан оқиға.
Ағашкалардан өзге, лентада тендер тақырыбы, қаржы саласындағы қулық-сұмдық ашық көрсетілген. Ал, қоғамдағы бұл бассыздыққа бұдан-былай жол бермейміз деген киногерлердің ойы көптің көңіліне жаққандай.
Санжар Мәди, актер:
-Қаржыгер ретінде айтарым, фильм шынайы оқиға желісімен таспаланған. Лентадағы дүниелер өмірде болып жатқан ащы шындық.
Қарлығаш Мұхаметжанова, актриса:
- Бұл тек есепші немесе қаржыгерлер туралы лента емес. Онда махаббат, қарым-қатынас, өмірдің маңызды дүниелеріне де орын бар.