Жақсылық жасап жарысайық! Дәл осылай ұрандатқан Кенжебек Жанәбілов, құлағы нашар еститін балақайларға қамқор болмақ. Өнер иесі – енді қайырымдылық бағыттағы жаңа жобаның жетекшісі. Музарттық әншінің игі бастамаға бет бұруына, өз ұлының тағдыры себеп болған.
Кенжебек Жанәбілов, «Музарт» тобының әншісі:
-Мен оны бір өзімнің қалтама пайда көру үшін, істеп жатқан жоқпын. Мен қаншама ата-ананың көз жасын көріп, балам сөйлеп кетсе екен деген қаншама ата-ананың арманын көрдім де, менің өзімде де сондай арман болды.
Иә, Кенжебектің бұл жобаны қолға алуы тегін емес. Әншінің тұңғышы туғанда есту қабілеті төмендеп, шарасыз ата-ананың шарламаған жері жоқ. Ахмет дүниеге келгенде дәрігерлер денсаулығынан кінәрат таппағанымен, уақыт өте келе сәбидің сырқаты сыр бере бастаған.
Кенжебек Жанәбілов, «Музарт» тобының әншісі:
-Бізге мысалға дәрігерлер басында дұрыс түсіндірмеді. Дұрыс бағыт бермеді. Қай жақ дұрыс деп едім Германия дұрыс деді. Біз сандалып кеттік. Сол кезде қазір жасатып жіберсеңіз, балаңыз сөйлеп кетеді деп бізге айтса оны біз ескеретін едік.
Ахметтің қазіргі таңда денсаулығы әлдеқайда жақсарған. Орта мектепте білім алады. Осыдан бір жарым жыл бұрын Қазақстанда ота жасалып, құлағына арнайы аппаратты орнатыпты.
Кенжебек Жанәбілов, «Музарт» тобының әншісі:
-Қазір «кохлеарный имплант» дейді. Құлағына аппарат киді. Сол арқылы естиді. Мен алты жарым жасында жасаттым. Бір жарым жылдың ішінде мен баланы жазу жаздырып, есеп шығартқызып, атын айтқызып, біздің атымызды айтатындай дәрежеге жеткіздім.
«Бірақ баланы дамытудың жолдары ақылы. Оны кез-келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді» - дейді Кенжебек.
Кенжебек Жанәбілов, «Музарт» тобының әншісі:
-Мен күніне 7 мың теңге төлеп отырдым. Мен мысалға мақұл 7 мың теңгені төлей аламын. Сол 7 мың теңгені төлей алмайтын ата-ана бар да. Мен 7 мың теңгеден есептесем айына мен 400-500 доллар беріп отыр екенмін. 400 доллар түгіл 200 доллар айлық алып отырған ата-ана бар.
Кенжебек осы олқылықты оңалту үшін, есту қабілеті нашар балаларға арнап орталық ашыпты. Бүгінде 40-қа жуық ұл-қыздар тегін білім алуда. Ғимаратты әкімшілік ұсынғанымен, ұстаздарға төленетін жалақы Жанәбіловтің мойынында. Ендігі мақсаты жаңа жобасын мемлекеттің қолдауымен дамыту. Дәл қазір қайырымдылыққа жаны жақын ұжымдар арасында дода басталған. Көп дауыс жинаған команда үздік деп танылмақ. Жеңімпаз ұйым 28-ші қыркүйекте жарияланады.