Миланның ізін ала, Франция астанасы әлемнің ең стильді аруларына өз есігін айқара ашты! Париж фэшн-уикте DIOR өзгелерден ерекшеленіп қалғысы келгендей. Әйгілі бренд сән сахнасын би алаңына айналдырып, келген қонақтарды әсерлі қойылыммен тәнті етті.
Фэшн шоуды елдің есінде қалатындай етіп өткізген Диорлықтар, көрсетілімді хореографиялық қойылыммен бастады. Би мен сәнді тоғыстырған әйгілі бренд арнайы мамандардың да көмегіне жүгінген.
Шэрон Эял, хореограф:
-Сезім мен қиялыма ерік бердім. Мария Грация Кьюримен танысқан бойда, бір-бірімізді бірден түсіндік. Соның нәтижесі дәл осы «би» болды.
Тыңнан түрен салған жаңашылдық көптің көңілінен шыққандай. Ерекше кеште, меймандар арасынан Блек Лайвли, Шейлин Вудли бастаған жұлдыздар табылды. Ал, қойылымнан үшін назардан тыс қалған жаңа топтама нәзіктікке толы болды.
Мария Грация Кьюри, дизайнер:
-Киімдердің, түстердің жеңіл әрі ашық болғанын қалаймын. Меніңше, әрбір әйел әсем әрі өзіне сенімді болуы тиіс. Мен бұл сенімділікті оларға киімдерім арқылы сыйлағым келеді.
Диормен салыстырғанда, француздық Jacquemus бренді көрсетілімін өзге өнермен астарламай-ақ, ашық аспан астында таныстырды. Осы жаздың инстаграм-тренді атанған сабаннан жасалған бас киімінің авторы, тағы да өз жетістігін қайталауға ниетті.
Келесі жылдың сәніне тоқылған алып сөмкелер айналса, еш таңқалмаңыз. Симон Порт Жакмю жағажайға арналған жаздық үлгілерін дәл осы акссесуармен толықтырғысы келгендей.