«Байқоңыр» кинофестивалі жүзден жүйрік киномамандардың үздігін анықтады. Бір қызығы байқауға қазылық еткен Баян Алагөзованың шәкірті - жеңімпаз атанған. Танымал продюсердің өз адамына бүйрегі бұрғаны рас па?! «Үздік актриса» атағын алған ару ақиқатын айтты.
«Байқоңыр» бәйгесіне жолдама алған 47 жұмысты әділқазылар төрт ай бойы іріктеп, байқау талабы бойынша 13 номинацияны табыстады. Соның бірі, «Үздік актриса» мүсіншесі.
Бұл бұрымды Баян Алагөзовамен бірінші рет жүздесіп тұрған жоқ. Оқушы кезінде танымал продюсердің жобаларында бой көрсетіпті. Бірақ Баян ханым талантты қызды танымаған сыңайлы.
Жанель Әлікова, «Ең үздік» актриса номинациясының жеңімпазы:
-Негізі қызық болатын шығар. Қателеспесем осыдан 5-6 жыл бұрын Баян ханымның «Ғашық жүрек» сериалында, мен басты жағымсыз кейіпкерді ойнаған едім. Ол кезде өте кішкентай едім. 6-7 сыныпта. Сонда ол кісі айтатын: «Жанелия жұлқынып жүретін болсаң, тек осындай рөлдерде ойнайсың» - деп күлетін едік бір-бірімізге.
Қазылар алқасының қатарында Нұртас Адамбай да бар. Отандық кинонарықтың танымал режиссеры, жас таланттарды қолдау үшін келген.
Нұртас Адамбай, актер, режиссер:
-Менің қазылыққа келудегі мақсатым, жастардың жұлдызын жағу. Олардың жұмыстарымен танысып, көңілден шыққандарымен әріптестік орнату болды. Мәселен, маған бір актер ұнады. Алдағы уақытта жобаларыма міндетті түрде шақырамын.
Ал, үздіктерді анықтауға ал салысқан Аружан Жазылбекованың жас мамандарға айтар аздаған ақыл-кеңесі бар.
Аружан Жазылбекова, режиссер:
-Бізде коммерциялық кинолар көп болғанымен, қысқаметрлі картиналардың басым бөлімі драма жанрында екен. Сондықтан, жас режиссерларға айтарым сәл батылдау болу керек сияқты. Драма әрине жақсы, бірақ жан-жақты болғанға не жетсін?
Айта кетейік, Республикалық «Байқоңыр» қысқаметражды кинофестивалі үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр.